Мәні зор, мағынасы терең

Жобада Наурыз мейрамын өткізуге байланысты іс-шараларды 10-24 наурыз аралығында 10 күн бойына өткізу жоспарланғаны көрсетілген. Мәдениет және спорт министрлігі Президенттің тапсырмасы аясында «Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын бекіту туралы» үкімет қаулысының жобасын әзірледі.
Біз Әз-Наурызды әр өңірде қалай мерекелейтіні жайында аз-кем мәлімет берсек. Алдымен жылда Отпантауда жиналатын маңғыстаулықтар қалай қарсы алады, соған тоқталайық. Осы орайда бізбен ақпарат алысуға қол ұшын берген Mańǵystaý телеарнасының директоры Бекзат Жүсіп мырзаға және осы арнаның тілшісі Маржан Төкенқызына айтар алғысымыз шексіз.
Бізге осы әулиелі аймақтың белгілі өлкетанушысы Алқажан Еділхан ақсақал мынадай деректер келтірді.


14 наурыз күні бесіктегімізден бастап жатып қалған үлкендерімізге дейін бір- бірімізбен көрісу – бұлжымайтын қағидат. «Көрісу» – «көр, өзгеге қара, ескі жылдан кейінгі жағдайын біл, өзің де көрін, жаңа жылда бар екендігіңді білдір» дегенді білдіреді. Балалар, жастар топ-топ болып үй аралап көрісіп жүреді, үлкендер оларды күтіп отырады. Өздері тек жасы үлкен құдаларына барып көріседі. Бұл дәстүрдің де маңғыстаулық ерекшеліктері бар, мысалы, төркін жағы ұзатылған қыздарының барған жеріндегі бірінші жаңа жылында аяқтай барып көріседі, келесі жаңа жылдарда қыз-күйеу өздері қайындап-төркіндеп көріседі. Үлкен үйге, өмірден өткен ата-анасының орынына отау үйлер барып көрісіп жатады, ол үйде бүгін өздерінен кіші іні-келін отырса да.
14 наурыз – Ұлыстың ең ұлы күні, айрықша құрметтелген күн. Бұл күн бауырмалдықтың, мейірімнің де күні. Кейбір басараздықта жүргендер осы күні қайтадан татуласып жатады. Тым қатты кетісіп қалғандарына үлкендер «Наурыз күні Самарқанның көк тасы еритін еді ғой, неге кешіріспейсіздер?» деп жатады.
Наурыздың біздегі бір ерекшелігі – дастарханға аса үлкен мән берілмейді, мал союдың да міндеттілігі жоқ. Себебі, қыстан, кейбір жылдары жұттан шыққан бойымыз, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген шағы. Наурыз көже, әрине, болады, оған да соңғы жылдары байқалғандай, неше түрлі дән болсын дейтіндей талап қойылмайды. Қыс жайлы болған жылдары, әңгіме жоқ, дастархан да ажарлы болған. Жасаңдау кезімізде ұнға тығып сақтаған сүр қазыларды көрісіп барған үйлерімізден талай таттық.
Биылғы Наурызды бірнеше күн атап өту орынды деп есептейміз. Әрине, пандемия кезінің тыйырымдарын мейілінше ескере отырып. Даңғазалыққа қарсы мейрам ғой өзі әуелгі баста, у да дудың пайдасы жоқ. Әсіресе, ұлттық киім деп жас жеткіншектерді күн суықта көшеде бүрсеңдетіп қою дұрыс емес. Шығарғың келді екен, үстеріне ұлттық ішік, жадағай, бастарына тымақ кигізіп шығар.

Ал шығыстағы Моңғолия қазақтары ұлттық мерекемізді қаншалықты кең көлемде тойлап келе жатыр? Оған мемлекет тарапынан, жергілікті байырғы ұлт тарапынан ешқандай қысым жоқ? Қазір осы мейрамымыздың Моңғол елінің аймақтарындағы аталып өтілу деңгейі қаншалықты? Мейрамға қалай дайындалады, әзірлік қай кезден басталады? Бұл сауалдарға Моңғолияның Эрдэнэт қаласында тұратын белгілі ақын, жазушы Байыт Қабанұлы жауап берді.

– Наурыз мерекесін біз дәл Қазақстандағыдай ойлағанымыздай жайлы тойлаймыз. Баян-Өлгей аймағында кәдімгідей бірнеше күнге жалғасқан ұлттық той болып келеді. Қандай іс-шаралар бар, соны еш кемшілігі жоқ атап өтеді. Жалпы бұл ежелден келе жатқан мейрам ғой. Арасында жетпіс жыл тойланбай қалып, соңынан қайта жанданды. Бірақ ол уақыт ешнәрсені ел жадынан сүртіп әкете алған жоқ.
– Өзім де 2013-2014 жылдары Ұланбатыр қаласында болғанымда орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, жұртшылыққа наурыз көже ұсынылып, мейрамның барынша тойланғанын көрдім. Жалпы, ел астанасында Наурыз тойын өткізу қай уақыттан басталып еді?
– Наурыз тойының қайта жандану сол 1990 жылдан басталды деуге болады. Кейінгі кезде елдің призиденті, үкімет басшысы, парламент төрағасы қатарлы үлкен лауазым иелері азғана қазақ халқына құттықтау жолдап, сол мерекеге байланысты үлкен-үлкен іс шаралар жүргізіп, тіпті, үкімет көлемінде Ұлыстың ұлы күнінің құрметіне балуандар күресі ұйымдастырылып жатыр. Осы арада айта кететін бір жағдай – Моңғол елі бұған еш қысымшылық, қарсылық көрсеткен емес.
– Өзіңіз тұратын Эрдэнэт қаласы мен оның айналасында қанша қазақ тұрасыздар? Биыл пандемияға байланысты жаппай бір біріңізге қыдырып бару біршама шектелетіні белгілі. Осыған байланысты жергілікті үлкен кісілер арасында Наурыз өткізуге қатысты қандай да бір кеңес өткіздіңіздер ме?
– Мен тұратын шаһар Моңғолия көлемінде үшінші қала. Жүз мың халқы бар. Сондай екі жүзге таяу қазақ отбасы тұрамыз. Құдайға шүкір, біз де өз дәрежемізде тойлап өтеміз. Орталық театрда жиын өткізіп, қала әкімдері келіп үлкенді-кішіге сыйлықтар таратылып, шағын концерт ойналып, түрлі іс-шаралар өтеді. Ал енді кейінгі екі жылға тарта уақыт мына әлемді жайлаған аурудың салдарынан тойлағамыз жоқ. Биыл да тойламайтын шығармыз. Бұл тек біз ғана емес, моңғол елі осы екі жылды ұлы Шаған мерекесінен бастап, атақты Наадам сықылды неше түрлі той думандардың бәріне тыйым салып отыр.
– Моңғолиядағы қазақ жастары арасында ұлттық мерекеміздің ұмыт қалмау мәселесі байқалмайды ғой?
– Жоқ, керісінше жастар жақсы тойлайды, бір серпіліп рухтанып қалады. Әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыруға бастамашы болатын да – солар.
