Фракцияның кезектен тыс отырысы
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында Қостанай облысы бойынша білім саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруға республикалық бюджеттен 5,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген 35 мыңнан астам қызметкердің жағдайын жақсартуға сеп болды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының кезектен тыс отырысында айтылды. Оған ҚР Парламенті Мәжілісі, мәслихат депутаттары, фракция мүшелері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Жиында баспанамен қамту басты әлеуметтік мәселелердің бірі екендігі айтылды. Өңірде 2017 жылдан бері «Нұрлы жер» бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. Осы жылдың өзінде 330 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілмек. Өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық көрсеткіш.
– Биыл «Әуежай» шағын ауданындағы үй құрылысы жалғасатын болды. Барлық үйлер 2020 жылға дейін салынады. Барлық инженерлік желілер толықтай тартылған. «Юбилейный» мөлтек ауданы да назардан тыс қалмайды. Бас-аяғы 14 мыңға жуық азаматқа шақталған 47 үй салу көзделуде. Соның 10-ы бүгінде бой көтерді, – деді облыстың құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Серік Бейсембаев.
Сондай-ақ, биыл «Қонай» мөлтек ауданында құрылыс жұмыстары басталмақ. «7-20-25» бағдарламасы басталғалы 603 өтініш түсіп, оның 412-сі мақұлданған. Қостанай ауданы әкімдігі мен «Тобыл» коорпорациясы арасында алғашқы 10 пайызды субсидиялау шаралары қолданылып келеді. Бүгінде 36 бағдарлама қатысушысына әлеуметтік коорпорация алғашқы 10 пайыздық жарнаны төлеген.
Депуттатық фракция отырысында өңірдегі медицина саласындағы мәселелер де көтерілді. Жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысының аз екендігі сөз болды. Нәтижесінде, бұл саладағы мәселелерді депутаттық сауал аясында жолдайтынын жеткізді.
Мемлекеттік қолдау арқылы Қостанай жастарын баспанамен қамту мәселесі оңтайлы шешімін табуда. Ал маусым айынан бастап, аймақтағы 35 мыңнан астам мұғалімнің айлығы 17-23% аралығында артқан. Мәселен, жоғары білімді педагогтың орташа жалақысы бұған дейін 69 мың теңге болса, қазір 83 мыңға жетті. Тәрбишілердің де еңбегі еленіп, айлығына 11 мың теңгеден 13 мың теңгеге дейін ақша қосылды.
Айта кету керек, білім саласындағы қызметкерлердің жағдайын жақсарту мақсатында республикалық бюджеттен 5,6 миллиард теңге мақсатты трансферттік қаражат бөлінген.
– Алдағы 2020-2021 жылдарға келер болсақ, биыл жетіспей қалған соманы міндетті түрде ескеріп, есепке алуға мүмкіндік береді. Яғни қосымша қаражат қарастыру арқылы бұған дейін жалақысы көтерілмеген көпшілікке және өзге де категорияларға төленетін болады,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова.
Ал отырыста көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, депутаттық сауал аясында жолданатыны жеткізілді. Халықтың өмір сапасын арттыру – Президентіміздің алға қойып отырған басты мақсаты деді ол.
Жиын барысында өткен сайлауда үгіт-насихат жұмыстарына атсалысқан партия белсенділері де марапатталды.
– Сайлауға тұрғындардың 84 пайыздан астамы атсалысқан. Бір мыңнан астам сенімді өкіл кандидаттың сайлауалды бағдарламасын насихаттады. Бұл жеңіс үлкен еңбектің нәтижесі ,- деді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Алмат Досмұхамедов.
Әсел ҚИБАШ