Өзендерді ластанудан сақтайық
14 наурыз – халықаралық өзендер күні. Бұл атаулы күн «Халықаралық өзендер желісі» америкалық қоғамдық бірлестігінің бастамасы бойынша экологиялық маңызы бар даталар күнтізбесіне енгізілді. Ал өзен-көлдердің биологиялық алуантүрлілігін сақтау конвенциясы – табиғи ресурстарды орнымен пайдалануды қамтамасыз ететін алғашқы құқықтық құжат.
1993 жылы күшіне енген келісімге 160-тан астам мемлекет қол қойған. Өзендерді, су қоймаларын таза ұстау адамзат баласының басты міндеттерінің бірі.
Су – тіршілік көзі. Адам өмірін онсыз елестету мүмкін емес. Трансшекаралық су көзіне жататын Тобыл өзеніне мамандар орташа лас деген баға беріп отыр. Өзен әбден таязданған. Ондағы кейбір ауыр металдардың шекті мөлшері рұқсат етілген концентрация деңгейінен асып кетеді. Соған қарамастан, Тобыл әлі де балыққа бай.
Ана бір жылдары өзен арнасы кішірейіп, маңайын қамыс басып кеткен еді. Су көзінің біздің облыстағы аумағын тазартып отыру жұмысы 2008 жылдан бері қолға алынды. Құзырлы ведомство өкілдері Тобылдың ластану деңгейін мейлінше төмендету үшін өзенді жыл сайын тазалап отыру керектігін айтады.
«Біз жыл сайын Тобыл өзенің арнасын тазартамыз. Яғни, жағалауындағы қамыс пен бұталарды шауып, өзеннің түбі тереңдетіледі. Өзен арнасы кеңейсе, мол судың жиналуына септігін тигізеді. Су ағыны ұлғаяды. Бұл өте маңызды шара», – дейді «Қостанай облысы әкімдігінің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ басшысының орынбасары Аманкелді Исмаилов.