Әлішерге жәрдем керек
Қамкөңіл отбасы қайырымды жандардан қолдау сұрайды. Сәбиі науқас Жазира Магадеева тағдыр басына салған ауыр сынды халықтың көтерісерінен үміт үзбейді, сүйеніш, таяныш іздейді. Ол баласының күрделі тағдырын ел-жұртқа жеткізу үшін «Қостанай таңы» газетінің басшысына арнайы хат жазыпты.
«Сіз басшылық етіп отырған «Қостанай таңы» газеті облысымыздың тыныс-тіршілігі мен халықтың әлеуметтік жағдайын жан-жақты жариялап келеді. Сіздердің назарларыңыздан сәбилердің жағдайы да тыс қалмайды. Сондықтан сіздерге осы хатты науқас баламның емделуіне қолдау көрсетесіздер деген үмітпен жазып отырмын», – деп бастапты баянхатын Жазира Магадеева.
Оның 2017 жылы 7 тамызда өмір есігін ашқан баласы Әлішер Маратұлы Магадеевтің диагнозы – туа біткен микротия, сол жақ құлағының сыртқы есту жолының атрезиясы, екіжақты кондуктивті есту мүкістігі, қлағының сол жағының ІІІ-VІ дәрежелі, оң жағының ІІ дәрежелі кемістігі. Жалғаспалы диагноз – тіл шыққанға дейінгі дамудың тежелуі.
Осы патологияның кесірінен Әлішер өзін кеңістікте еркін сезіне алмайды, анасының дауысы қайдан шығып жатқанын естімейді, сол жағынан иттің үргенін, жүріп бара жатқан көліктің шуылын естімейді. Ең қорқыныштысы, алдағы уақытта жағдай бұдан да әрі нашарлай бермек, себебі ақпаратты толық қабылдауды қамтамасыз ететін мидың артқы бөлігі өмірдің осы алғашқы 5 жылында белсенді дамиды.
«Бұған қоса, эстетикалық проблема да бар. Сәбидің айналасындағы аулада, мектепте болатын қайырымды адамдарды қоспағанда, сол жақ құлағының жоқтығынан баланы келемеж етіп, мазақ қылуға баратындардың табылатынын ойлағанда жаныңды қоярға жер таппайсың», – деп, ана жүрегі езіледі.
Әлішерді физикалық және моральдық азаптан құтқару үшін және оның болашақта толыққанды өмір сүруі үшін, есту қабілетін қалпына келтіру, есту жолын және құлақ қалқанын қайта жасау үшін жедел ота жасату қажет. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұндай оталар жасалмайды. Әйткенмен, ізденген жанға қашанда мүмкіндік табылады емес пе! 2020 жылғы шілде айында Әлішердің медициналық қорытындысын Калифорния есту институты (АҚШ) қарады. Бір ғажабы, ол жерде бұндай паталогияларға сәтті ота жасалып, бір кезеңде және баланың денсаулығы үшін минималды зиянмен қалпына келтіру бойынша ем шаралары жүргізіледі екен.
«Отохирург Джозеф Роберсон мен хирург Джон Райниш Әлішердің есту қабілетінің толық қалпына келу ықтималдығын 10 балдан 8 балға бағалады, сондықтан біз перзентіміздің жарқын болашағы мен бақытты өміріне беріліп тұрған осы мүмкіндікке шексіз қуаныштымыз. Бірақ клиниканың тек отаның өзіне сұрайтын ақысы – 87 000 доллар, оған қоса міндетті отыз күндік отадан кейінгі сауықтыру, АҚШ-қа ұшу ақысы және визалық алым бар. Бұл біздің отбасымыз үшін өте қомақты, қалтамызға аса ауыр салмақ салатын сома», – деп жазады Жазира.
Шарасыз ана сөз еткендей, бұл отбасы қашанда тек өз күш-қажыры мен ақадал еңбегіне сеніп өмір сүріп келген, бірақ қазіргі жағдайда басқа түскен бұл сынақтан өту қайырымды адамдардың көмегінсіз мүмкін болмайтын түрі бар. Тіпті, Әлішердің ата-анасы қолдарындағы барлық мүмкін ресурстарды жұмылдырса да, талап етілетін соманың жартысын да жинай алмайтыны анық болып отыр. Сондықтан, қайырымы мол, жүрегі кең, қолы ашық жандардан жәрдем күту үшін біздің редакциядан ақпараттық демеу сұрап отыр.
«Әлішердің емделуіне Сіздердің тарапыңыздан ақпараттық қолдау болса, демеушілер табылып қалар деген үмітпен хат жолдап отырмын. Өтінеміз, баламыздың дені сау, қатарымен бірге ойнап-күлетін, өзіне сенімді және бақытты адам болуына жәрдемдесіп, көмек қолын созуларыңызды сұраймыз», – деп хатын аяқтапты Жазира Болатқызы.
Құрметті оқырман қауым, «көп түкірсе – көл» демекші, біз де сіздерді кішкентай Әлішердің тағдыр сынағын жеңіп шығуға қолдан келгенше қолдау жасап, жәрдем қылуға шақырамыз! Сәбиді жан жылуына бөлеп, өзіміз сауапқа кенелейік! Егер көмек қолын созамын десеңіз, 8 702 806 3608 телефон нөміріне қоңырау шалып, Жазирамен байланысқа шығуыңызға болады.