Полицей сыныптасын өлтірді

8 наурызға қараған түнгі 3 шамасында Қостанайдағы Тәуелсіздік көшесінде тәртіп сақшысы өзімен бірге оқыған сыныптасын атып өлтірген. Жарақат алған 37 жасар ер адам сол жерде тіл тартпай кетіпті. Бұл туралы алдымен облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарласа, кейін ведомство бастығы Бекет Аймағамбетовтің өзі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында қайғылы оқиға жайында жариялады.
«Бүгін Қостанайда болған адам өлтіру қылмысына полицияның қатардағы бағдарламашысы себепкер. Бұл іске қатысты пікір білдіруді жөн көрдім. Екі сыныптас өзара сөзге келіп қалған. Жанжал мессенджердегі 10-нан астам тіркелушісі бар чатта өрши түседі. Бағдарламашыға бұрын сотты болған сыныптасы небір бейәдеп сөздер жаудыра бастайды. Атап айтқанда «сені бауыздауға барамыз, қолымызда таяқ, қару бар, дайын отыр, 30 адамың да аз болады», «бауырым, топ алдында арыз жазбаймын деп бәріне айт, бірге-бір шық, сені сұлатып, кескілеп тастаймын» қатарлы қоқан-лоқы көрсеткен аудио жазбалардың үзінділері бар. 8 наурыз сағат 3 кезінде сыныптасы мас күйінде қызметкеріміздің үйіне көлікпен келеді. Полицейге таяп келген ол тағы да былапыт сөздерін жаудыра бастайды. Осы кезде тәртіп сақшысы өзінің атына тіркелген қаруын бірге алып шыққан. Жағдайды объективті бағаламаған полиция өкілі сыныптасына қарсы оқ атып, жәбірленуші қаза болды», – дейді генерал.
Қазіргі таңда полицей қамауда. ҚР Қылмыстық Кодексінің 99 бабы («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Сондай-ақ, қызметтік тексеру мен тергеу амалдары жүргізілуде.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓