Екпе дертке тосқауыл

Қостанай облысының бас педагогы мен мұғалімдер және тәртіп сақшылары коронавирусқа қарсы екпе қабылдады. Қостанайға өткен сенбіде «Спутник V» вакцинасының 4500 дозасы жеткізілген болатын.
Ақпан айында алғашқы партия – 1200 дана вакцина әкелінген еді. Алғашқы болып медицина қызметкерлері, облыстың бас санитар дәрігері және облыс әкімінің орынбасарлары екпе алды. Бірінші болып екпе салынғандар 21 күн өткен соң екінші мәрте егілді.
– Өткен сенбіде біздің облысқа 4500 дана вакцина жеткізілді. Алғашқы кезекте медицина қызметкерлері егілген еді, оларға енді ұстаздар мен полиция қызметкерлері қосылып отыр. Наурыз айының ортасында 7500 дана екпе келуі керек, ал сәуір айында 30 мың дана вакцина Қостанай облысына жеткізіледі деп жоспарлануда, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Бұл «Спутник V» вакцинасы Ресейде жасалған, ал Қарағандыда құтылырға құйылып, аймақтарға таратылуда.
Бүгін вакцина салдырғандар қатарында облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова болды. Ол облыс педагогтарын екпе жасатуға ешкім мәжбүрлемейтінін айтты.
– Жұмыс бабыммен көп білім нысандарына барамын. Сол себепті білім нысандарының қызметкерлері мен оқушылар індет жұқтырмағанын қалаймын. Өкінішке қарай, індет білім саласына айтарлықтай салдарын тигізгенін білесіздер. Бүгінгі таңда мектептердің жартысына жуығы қашықтан оқытылып жатыр. Ұстаздар мен оқушылардың дәстүрлі оқу форматына көшкенін мен де қалаймын, – дейді Зәуре Байменова.
Екпе жасатуға полиция қызметкерлері де ниет таныта бастады.
– Жыл сайын күз бен көктем айларында тұмауға қарсы екпе алып тұрамын. Бұл вакцинацияны да қалт жібермей салдыртамын. Коронавирусқа қарсы екпе жүріп жатқанын хабарлаған соң арнайы келіп отырмын. Өйткені біз, полиция қызметкерлері көп жерде жұмыс бабымен жүреміз. Сол себепті өзім мен өзгенің өмірін қауіпке тіге алмаймын. Екпе алу сақтықтың бірден-бір жолы деп есептеймін, – дейді Қостанай қаласы жол полициясы батальоны командирінің орынбасары Ербол Абдеев.
Екпе салдырғысы келетін қала тұрғындары тіркелген емханаларына барып өтініш бере алады. Кезекші мейірбике оларды тіркеп, вакцина жеткізілген уақытта хабарласады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓