«Шөппен, қармен қоректендім» (эксклюзивті сұқбат)

Амангелді ауданында апта бойы із-түзсіз жоғалған малшы Амангелді Тұржановтың табылғаны туралы бұған дейін жазған болатынбыз – https://old.kostanaytany.kz/archives/96049. «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағының көмегімен Қостанай-Қарағанды облыстарының шектесетін аумағында табылған ол қазір Жезқазған қаласында ем алып жатыр. «Қостанай таңы» газетінің тілшісі жеті күн қарлы-боранда адасып, елсіз далада жатқан азаматпен аз-кем тілдескен еді.
– Әбеке, денсаулығыңыз, жағдайыңыз қалай? Дәрігерлер не дейді?
– Қазір төсек режимінде жатырмын. Жиі-жиі сұйық жалғайды. Дәрігерлер үсік шалған деген диагноз қойды. Бірақ қол-аяғым, бет-аузым аман. Ауруханадан қашан шығаратыны белгісіз, толық ем қабылдайсың деп жатыр.
– Жалпы, ақпанның аяғында боран болатыны туралы барлық жерде ескертіліп еді, неге жылқы қарауға шығып кеткенсіз?
– Ешқандай ескерту келген жоқ. Біздің Бірәлі қыстағымыз– бұрынғы Жанкелдин ауданының Родник ауылының орны. Екі-үш айлап сол жақта мал бағып жатамыз. Әдетте бір күн бұрын ескертетін. Бірақ сол күні хабарлама келсе де, бізге рация арқылы жетпеді. Себебі, біз Амангелді ауданының орталығынан 170 шақырым жердеміз. Әрі күн де бұзыла қоймаған ашық кез болатын. Азғана қар ұшқындап тұрды.
– Сізді тауып алған орын, яғни, Обалы қыстағы жұмыс орындарыңыздан қанша шақырым жерде?
– Ол қандай елдімекен орны екенін нақты біле алмадым. Ондай қамыс-қопалар біз жақта көп қой.
– Шамасы, мал қайыруға шығамын деп отырған орныңыздан көп алыстап кеткен сияқтысыз.
– Жылқы сол аумақта сегіз-тоғыз шақырымға созылып жайылады. Мал қайыруға шыққан күні көп алыстамаған секілдімін. Жылқының арғы шетіне бардым, енді кері қарай жүрерде ақтүтек басталып кетті де, мен бағыттан ауытқып кетіппін. Ауа райына сенім жоқ, қазір де бұзылады ғой.
– Қолыңызда GPS-навигатор болмады ма?
– Жоқ, ондай ұстамаймыз. Негізі сол аумақты былайғы күндері аралап әбден жаттап алғанбыз. Ұзақ бара жатқан малды қайырып үйреніп қалғанбыз ғой. Бірақ боран осынша күшті болатынын кім білген…
– Ал негізгі сұрақ, бір жеті бойы қандай амал жасадыңыз, сол жайында айтып беріңізші. Нені талғажау қылдыңыз?
– Әуелі, Алла, одан кейін денсаулықтың арқасында аман қалдым. Алғашқы бес күн бойы өздігімнен жол таппақ амалмен әрлі-берлі жүрдім. Сол маңдарда бұрынғы малшы совхоздардың, бөлімшелердің орындары, үйлердің қирандылары бар. Қарайған жерге барып, үй-қоралардың қабырғаларын паналадым. Ақыры әбден қалжырадым, әлім құрыды, бәрінен күдер үзіп, соңғы екі күн қамыстың жиегіне келіп жатып қалдым. Атқа мініп-түспек тұрмақ, жүруге жағдай болған жоқ. Қар астынан шөпті жұлып, қарға умаждап араластырып жедім. Басында бұл қорекке қиналсам да, асқазан ақырындап үйрене бастады. Ашығып-әлсірегенде шөп те тамақ болады екен. Соның пайдасы тиді, әйтпесе өліп те қалам ғой… Тікұшақ атты көріп қалып мені тапты. Суреттерін бүгін ғана көріп жатырмын.
– Амал әбден таусылғанда астыңыздағы атыңызды сойып жейін деген ой болды ма?
– Расында ондай ой да болған жоқ, оны құлатып соятын әлім де болған жоқ. Орнымнан тұрып, аяғымды баса алмай қалдым ғой.
– Бұрын бұлай бұрқасын-боранға тап болып па едіңіз?
– Жоқ. Қар құрсауында алғаш қалуым. Расын айтайын, сегіз сыныпты бітіргеннен бері малдың соңындамын. Марқұм әкем Сағымбай Тұржанұлы кезінде елге белгілі малшы болған. Сол кісінің жанында көмекші болып жүріп көп дүние үйрендім. Әкем дәл осылай елсіз далада қалғанда қандай амалдар жасау керектігін айтып үйретіп отыратын. Соның пайдасы тиді білем. Бірақ дәл қазіргідей қысылам деп ойлаған жоқпын…
– Отбасылы, бала-шағалысыз ғой?
– Иә, төрт ұл бір қызым, төрт немерем бар. Олар да, туыстар да, барша жұртшылық қуанып жатыр. Мені іздеуге шыққан барша азаматтарға, құтқарушыларға, жағдайыма алаңдаған күллі елге айтар алғысым шексіз!
– Рахмет, Әбеке! Құлан-таза жазылып, елге аман-сау оралуыңызға тілектеспін!
Сұқбаттасқан Қыдырбек Қиысханұлы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓