Ақтөбеден олжалы оралды (БЕЙНЕБАЯН)
Қазақстан чемпионатының 15 турында «Тобол» Ақтөбеге қонаққа барып, жеңіске жетті.
Ойын жоғары қарқынмен басталды. Айта кетейік, «Тобыл» вице-капитаны Томаш Шимкович белгілі себептерге байланысты бұл матчқа шыққан жоқ. Алғашқы 10 минутта «Ақтөбе» футболшылары басым ойнады. Әсіресе, олардың негізгі шабуыладушы «көзірі» Дидар Жалмұқан тобылдық қорғаушылардың мазасын алды. Кездесу басында алаң иелерінің капитаны Самат Смақов «Тобыл» қорғаушысы Сергей Яворскиймен соқтығысып, жарақат алып қалды. Оған дәрігерлердің көмегі қажет болып, артынша оны басқа ойыншы ауыстырды. Қостанайлықтар айып алаңына әлсін-әлсін жоғары пас асырып отырды. Бірде Ч.Дяк, енді бірде Д.Мирошниченколар орталық шабуылшы С.Хижниченконы доппен табуға тырысып жатты. 25 минутта сол қапталдан Т.Досмағамбетов сытылып шығып айып алаңына пас шығарған, дегенмен ақтөбелік қақпашы С.Отарбаев допты қағып алды.Ойынның екінші бөлігі басталысымен, «Ақтөбе» ойыншылары шабуылға ден қойды. Алаңға тыңнан шыққан Әбілхан Әбдікәрімов баспен соққы бағыттаса, қорғаушы Сандро Цвейба белсеніп, В.Логиновский қақпасын нысанаға алды. Алайда, есеп өзгеріссіз. Артынша «Тобыл» үш бірдей қауіпті шабуыл жасады. Алдымен, С.Хижниченко қақпашымен бетпе-бет шығып, қиыс тептсе, Денис Главина да С:Отарбаев қақпасын көздеді. Бірақ, Самат өз орнынан табылды. Сонан соң Ч.Дяк баспен ұрған, дегенмен доп қақпа бағанасына тиіп, кері қайтты.Ақыры шабуылдар легі өз жемісін берді. Оң жақтан Ч.Дяк пас асырған, ал допты қабылдаған С.Хижниченко баспен С.Яворскийге асырды. Ал, қорғаушы қателеспеді, Самат қақпасына допты тоғытты. Есеп – 0:1! 71 минутта «Тобыл» командасының капитаны Н.Жұмасқалиев алаңнан кетіп, оның орнына А.Ндиайе шықты. Ойын соңына таман Егор Сорокин есепті теңестіріп кететін еді. Логиновский жылдамдық танытып, допты қайтарып жіберді. Осылайша, Омари Тетрадзе «Тобыл» тізгінін ұстаған екінші ойынында жеңіске жетіп отыр.
"Тобыл" ФК баспасөз қызметі