Жүйелі жұмыстың жемісі

Іздеген адамға кез келген жерден жұмыс табылады. Тіпті, шалғай аудандар да бұл мәселені түбегейлі шешуге көшкен. Бұрын жастардың дені «екі қолға бір күрек» іздеп қалаға қарай жөңкілсе, кейінгі кезде туған жерге бет түзеп жатқан азаматтардың қатары қалыңдады. Торғай өңірінде біз осындай ілкімді жаңалықтарға куә болдық. "Елге келіп, еңбекке араласып жатқан азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуда мемлекеттік бағдарламалардың септігі көп тиіп тұр" дейді Жанкелдин аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ләззат Зейнекина.-Ләззат Жақсылыққызы, қазір мемлекетік бағдарламалардың дені ауылдағы ағайынды жұмыспен қамтуға басымдық беріп отыр. «Еңбек», «Ауыл-ел бесігі!», «Дипломмен- ауылға», «Серпін» бағдарламалары ауылдық жерде жұмысқа орналасқысы келетін жастарды, шағын кәсіп иелерін қолдауға бағытталған. Бұл еңбек етемін  деген адамға таптыртпас мүмкіндік емес пе.
– Әрине! Соңғы кездері мемлекет бұл мәселені жүйелі түрде қолға алды. Халықты жұмыспен қамтуда, әсіресе, ауыл тұрғындарын еңбекке тартуда мұның пайдасы орасан. Мәселен, бір ғана  Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасына байланысты біздің ауданда кешенді жоспар түзілген. Былтырғы  жоспар 104,8%-орындалды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 26 адам орналастырылды. Негізгі жоспарымыз 23 адам тұғын.  Бізге жұмыс беруші «осындай бір жұмыс орнын ашайын деп едім, соған жұмыс күші керек» деген сияқты  ұсыныс жасайды. Онда төменгі жалақының еке еселенген мөлшерлемесі төленеді. Яғни, жұмысқа тұрған азаматтың жалақысы 85 мың теңге болса, соның 35%-ін  жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекет төлейді. Қалғанын жұмыс беруші өз қалтасынан шығарады. Әлгі жұмысқа орналасқан кісі заң бойынша он екі ай жұмыс істеуі тиіс. Кейін жұмыс беруші оны тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл бір. Екіншіден,  «Жастар тәжірибесі» жобасы  бар. Оған да жылдың басында 23 адам жоспарлаған едік. Қажетіне қарай 27 адамды орналастырдық. Көбіне оқу бітіріп келген,  жиырма тоғыз жасқа  дейінгі жастарды жібереміз. Олар диплом алғаннан кейін, белгілі бір мекемеде  алты ай тәжірибеден өтеді әрі айлығын алады. Білігін шыңдайды. Үйренеді.  Енді осы арада алдан шығар бір проблема бар – тәжірибе алмасуға барған жастардың тұрақтай алмауы кәдімгідей мәселе туындатып отыр. Өйткені, ол жерде бос орын жоқ. Соның салдарынан бізде  сегіз-ақ адам тұрақты жұмыс орналасты. Мұнымен жүйелі түрде айналысып, алдағы уақытта қалған азаматтарды да   жұмысқа тұрғызуға тырысамыз. Жұмыс істеп жүрген кісілердің кейбірі декретте отыр, енді бірі әскерге кеткен. Мүмкіндік бар.
-Негізі, «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмысқа орналастырудың контингенті ауқымды ғой. Әсіресе, арнайы дипломы бар жастардың мүмкіндігі де мол… 
-Жастарды мамандығына сәйкес жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Мәселен, бізге өтініш айта келген Айкүміс есімді қыз баланы аудандық білім бөліміне тұрғыздық. Басқа да мекемелер бар. Соларға жібереміз. Кейін мүмкіндік болып жатса тұрақтап қалады. Жалпы, Торғайда бос орындар – күрделі мәселе. Бұл жалғыз біздің ауданға ғана тән проблема  емес… Сосын, ауданда шағын кәсіппен шұғылданғысы келетін азаматтардың қатары жыл озған сайын ұлғайып келеді. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші  бағыты бойынша, өңірлік кәсіпкерлік палатасы жанындағы «Бастау-бизнес» қысқа мерзімді курсында 41 адам оқыды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз негізде он екі адамға 200 АЕК көрсеткішпен, 6 млн. 616 мың теңге грант берілді. Мөлшері – 555 мың 600 теңге.  Егер жеке-жеке айтар болсам, төрт адам жылқы, үшеуі қара мал өсіруге ниет білдірді. Екі адам құс өсіруді қолға алды. Біреуі шаштараз, біреуі тұрмыстық техника жөндейтін цех ашты. Соңғысы бізге өте қажет кәсіп. Бұрын бір тоңазытқыш бұзылса, жұрт қалаға сүйрейтін. Қазір ондай мұқтаждық жоқ. Осында қолының епсектігі бар Арман Жақсымбеков есімді азамат құрал-жабдық сатып алды. Ал құс өсіретіндердің біреуі Милісайда, біреуі Торғайда тұрады. Әсел Ғабдырашева көп балалы ана  тауық, күркетауық өсіруге пейіл танытып отыр. Мұндай адамдарды біз әрдайым қолдап отырамыз. Арнайы жобалар бойынша он адам жұмысқа тұрды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы он төрт адам 6%-пен шағын несие  алды. Өткен жылы ауданда «Ауыл-ел бесігі!», «Жұмыспен қамтудың жол картасы»  бағдарламалары бойынша сегіз нысан – Шилідегі бөгет жөнделді. Аққөл, Қарасу, Көлқамыс ауылдарына су құбырлары тартылып жатыр. Ақкөл мен Қарасу ауылдарын бөліп тұрған Ұлыжыланшық өзенінің үстінен үлкен көпір салыып жатыр. Мұның сыртында Қаратүбек орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілді. Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-интернат жанынан шағын орталық ашылды. «Топжарған» стадионы жаңартылды. Осының бәріне белгілі бір деңгейде жұмыс күші қажет болды. Мәселен, аталған құрылыс жұмыстарына 480 адам жұмысқа тұрса, соның тең жартысынан астамы  жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасты. 
-Білуімше, кейбір жобалар үстіміздегі жылы да жалғасатын көрінеді. Оның үстіне,  жоспарға сай, кезегін күткен күткен құрылыс нысандары бар. Бұл  қыруар еңбек армиясын қажетсінетіні айдан анық.  Биыл қанша адамды жұмысқа орналастырмақ ойларыңыз бар?
-Биыл да осы межені сақтаймыз. Яғни, 645 адамды жұмыспен қамтимыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұған мемлекеттік бағдарламалардың көп көмегі тиіп тұр. Өткен жылы «Ұрпақтар келісім-шарты» деген жаңа бағдарлама ашылған. Ол бұрын болмаған. Мәселен, белгілі бір мекемеде зейнет жасына жақындаған кісілер бар ғой, есебі соның орнына бір жас маман кіреді. Оған  18 АЕК көлемінде жалақы төленеді. Ал әлгі зейнет жасына жақындаған кісіге жұмыспен қамту орталығы арқылы  20 АЕК көрсеткіш, 55 мың теңге көлемінде ақша төленеді. Кейін жас маман зейнетке шыққан кісінің орнын басады. Сосын бытыр ғана ашылған «Алғашқы жұмыс орны» деген бағдарлама бар. Оған да бір адам жібердік. Жұмыспен қамту орталығы бір жыл бойы 55 мың теңге төлеп отырады. Бағдарламамен барған адам түбі сол мекемеде қалуы тиіс. Қалай десек те, жоспар көп. Оны әзірге уақыттың еншісіне қалдыра тұрайық.
-Торғайға тән мәселенің бірі көші-қон еді. Кейінгі кезде  жұрт елден себепті-себепсіз көшуді тоқтатқан тәрізді. Тұрғындардың әл-ауқаты бұрынғыдан көп ілгері. Жаңа нысандар салынып жатыр. Бұл енді ауданның өз өңірлермен иық теңестіре бастағанының көрінісі деп есептеймін өз басым. Және өзге облыстардан қоныс аударушылардың көбейгені Торғайдың орталығы түгілі, шеткері елдімекендерде  де лайықты өмір сүруге болатындығын дәлелдеп отыр емес пе.
-Оның рас, қазір көшу сап тиылды. Мұны аудандағы жұмыссыздық мәселесін жоюға қатысты  қолға алынған шаралардың жемісі деп білген абзал. Байқап отырғаныңдай ауданға көшіп келуге ниет білдірушілердің қарасы уақыт озған сайын ұлғайып келеді. Былтыр Жанкелдин ауданына он үш адам көшіп келді. Милісайға үш отбасы, Шиліге бір отбасы келді. Тағы келеміз деп отырғандар бар. Іргедегі Қызылорда облысынан келіп жатыр. Оларға ауыл болып көмектесіп, алдарына мал салып, қысқы отын-суларын өз мойындарына алып отыр, жергілікті тұрғындар. Мәселен, Милісай ауылына алты баласы бар Парвене Байрамова есімді әзірбайжан келіншегі көшіп келді. Ауылдағы ағайын оларға ірілі-ұсақты мал жинап беріпті. Өткенде өзіміз барып көрдік, кәдімгідей малданып алыпты. Парвене жеті сиыр, он шақты қой-ешкіге иелік етіп отыр. Өздері шағын монша салып алған. Тұрмыстары әп-әдемі. Ешкімнен кем тұрып жатқан жоқ.  Ауылға сырттан көп балалы отбасыларды көшіріп әкелуде ағайынды Қайрат , Толқын Ділхановтардың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ауылда екі пәтерлі жаңа үй салған. Бір жағына Қайраттың өзі кіріпті, екінші жағы намазхана.  Ауыл тұрғындары  көшіп келем деушілер болса, үй салып беруге дайын. Торғайдың өз басына Нұр-сұлтан қаласынан үш баласы бар отбасы көшіп келгісі келеді. Құдайға шүкір, елге оралып жатқан жерлестердің қатары қалыңдай бастады. Әлі де болса медицина мамандары –акушер-гинеколог, көз дәрігері, жалпы тәжірибе дәрігері сияқты мамандар тапшы.  Бірақ, бәрі қаржыға кеп тіреледі. Сондықтан, ауданға тиесілі көш-қон квотасын ұлғайтқымыз келеді. Ауылды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама көп. Соларды тиімді пайдалана білсек, ұтылмасымыз хақ. Ауылда шағын және орта кәсіпті дамытуға көңіл бөліп отырғандар жетерлік. Шіркін, Торғайдың жері қандай! Төрт түлік өсіруге аса қолайлы. Ерінбей-жалықпай  бақсаң пайдасы көл-көсір. Бұрынғыдай емес малдың құны жоғары. Өзін-өзі ақтайды. Тек, ерінбеу керек. Еңбексіз ештеңе жоқ. Қазір ауылдағы мал ұстап отырған ағайынның астында бір-бір шетелдік көлік. Үйлері кірсең, шыққысыз. Қаладағыдан кем тұрмайды. 
-Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңіз еселене берсін.
Сұқбаттасқан Айбек КӘДІРҰЛЫ, 
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.
                                                                                                                      Жанкелдин ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓