Ескертуді елегісі келмей ме?
Бүгін Қостанай қаласында мониторинг тобы кезекті рет рейд жүргізді. Мақсат – санитарлық талаптардың сақталуын бақылау. Тексеру жұмыстары кезінде бірнеше ереже бұзу дерегі тіркелді.
Облыс әкімдігі, прокуратура, учаскелік полиция өкілдері және журналистер екі топқа бөлініп, қаладағы қаладағы мейрамханалар мен қонақ үй кафелерін, қоғамдық тамақтану орындарын аралады. Көптеген нысанның карантин талаптарын барынша қадағалауда ұстайтынына топ мүшелері көз жеткізді. Әйткенмен, шектеу шараларына шекеден қарап, қызметтерін қаннен-қаперсіз жалғастырып жатқан мейрамханалар да болды. Мәселен, мониторингтік топ Гашек көшесі бойындағы Palazzo отель-ресторанында өткелі жатқан астың үстінен түсті. Болжамды көзесеп бойынша, адам саны 50-дің арғы-бергі жағында. Топ мүшелері дұға оқытушы отбасы өкілі мен қонақтарды елең-алаңға салмай, нысанның әкімшісінен ғана жауап алынатынын жеткізді. Оған хаттама толтырылып, мониторинг тобының қандай да бір шара қабылдауға құзыры жоқ екені, мұны эпидқадағалау қызметі қарайтынын, айыппұлдың салынып-салынбайтыны кейінірек белгілі болатыны түсіндірілді.
Ал рейдшілердің екінші тобын бастап, қаланың басқа бөлігінде тексеріс жүргізген Илона Тимошенко бірер ережебұзушылыққа куә болғандарын айтты.
"Біз "К8" мейрамханасына қонақтардың жиналып жатқанын көрдік, алайда бізді ішіне кіргізбеді, нысан иелерімен сөйлесуге мүмкіндік болмады. Бұдан соң Орджоникидзже көшесіндегі "ХО" кафесінде туған күн тойлап жатқан көпшіліктің үстінен түстік. Әлдебір кейуананың 90 жасқа толу тойы екен. Кафе ішіне кіре алғанымызбен, бәрімізді дөрекі түрде күштеп тысқа шығарып жіберді. Мені тіпті арқамнан нұқып, итеріп тұрып сыртқа қуды", – дейді Илона Геннадьевна.
("К8" мейрамханасының алды)
("ХО" кафесінің кіреберісі)
Осылайша, өздері шақырған меймандармен ғана оқшауланған олар мониторинг мүшелеріне "қонақжайлық" таныта алмапты. Тәртіпті түсіндірмек болған топ өкілдерінің сөзін тост құрлы тыңдағылары келмеген. Ескертулерін естір құлақ таба алмай, есік алдынан қайтқан топ мүшесі толықтырған ақпарат осы.
Естеріңізге сала кетейік, карантин талаптары кезең-кезеңімен босаңси бастағанымен, штабтың соңғы отырысында облыс әкімі А.Мұхамбетов мониторинг топтарының жұмысын күшейте түсуді тапсырған еді.
Суреттер Бағдат Ахметбековтікі
және И.Тимошенконың әуесқой түсірілімі