БАҒА БАҒЫНБАЙ ТҰР
Дәніккеннен құныққан жаман
Зейнетақы жинақтарын алу бағдарламасы іске қосылғалы еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығындағы сауда қыза түсті. Баспанаға сұраныстың артуы – бағаның шарықтауына себепші болуда. Қазіргі таңда Қостанайдың өзінде ғана үй бағасы 20% дейін көтерілген. Мәселен, осыдан тура бір жыл бұрын 3,5-4 млн теңге шамасында саудаланған шағын отбасылық үйлер дәл қазіргі уақытта 5,5-6 млн теңгеге саудалана бастаған.
Еліміздегі жылжымайтын мүлік саудасын сараптап жүрген мамандардың есебінше, бағаның көтерілуіне еш негіз жоқ.
– Тұрғын үй бағасы – бірнеше факторларды ескере отырып қалыптастырылады, – дейді құрылыс компаниясының басшысы Мұрат Қуандықов. – Ең алдымен, құрылыс нысанының тұрған жері, ауданы ескеріліп, одан кейін құрылыс материалдары назарға алынуы тиіс. Мәселен, 7-8 млн теңге шығындалып тұрғызылған баспана Қостанайда 17-19 млн теңгеге саудаланса, дәл сол үйді Нұр-сұлтан немесе Алматыда 35-40 млн теңгеге сатуға болады. Бұл арада жылжымайтын нысанның тұрған жерінің басты рөл атқаратынын айта кеткен жөн.
Карантиндік шектеу шаралары күшейтілгелі еліміздегі ірілі-ұсақ бизнес өкілдеріне мемлекеттік жеңілдіктер ұсыныла бастады. Ең бастысы шағын кәсіпорындар үш жылға салықтан босатылды. Бұл бизнес өкілдерінің өз өнімдері бағасын шарықтатпай, бұрынғы деңгейде саудалауына мүмкіндік беруде. Мұндай жеңілдікке инерциялық шикізат, құрылыс материалдарын өндірушілер де ие болды. Яғни, құрылысқа қажетті өнім былтырғы деңгейінде қалды. Жұмысшы қолы, жер бағасы да былтырғы қалпында. Сонда, бағаның шарықтауына не себеп дейсіз ғой? Ашкөзділік дер едім, – дейді ол.
Сұраныс – көп, ұсыныс – аз
Көп жылдардан бері баспана саудасымен айналысып жүрген Людмила есімді риелтордың да ойы осыған саяды. Оның пайымдауынша, баспана бағасының шарықтауына сатушылар кінәлі.
– Байқасаңыз, екінші деңгейлі үйлердің бағасы шарықтап тұр. Қазіргі уақытта жаңа тұрғызылған үй мен ескі баспана бағасының айырмашылығы алшақтап кетті. Жақында "Батыс" шағын ауданының тұрғыны өзінің 50 шаршы метрлік саманнан салынған жер үйін 10 млн теңгеге сатқысы келетінін айтып, хабарласты. Несиелеуге жатпайтын мұндай үйлер бұл ауданда әрі кеткенде 6 млн теңгеден саудаланатын. Неге қымбат деген сауалыма, сатушы: "елдің бәрі осылай сатып жатыр, жұртта ақша жеткілікті," – деп жауап қайырды.
– Өтуі мүмкін бе?
– Мүмкін. Баспана бағасы күн санап көтеріліп барады. Қазір алмаса ертеңдері баға шарықтап кетуі ықтимал, – дейді Людмила.
Ал құрылыс компаниясының басшысы баспана алуға асықпау керектігін алға тартуда. Мұрат Қуандықовтың айтуынша қаңтар, ақпан айларында баспана құнының көтерілуі жылда қайталанатын, әдетті жағдай. Сәуір, мамыр айларында баға қайтадан өз қалпына келуі тиіс.
– Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа технологиялар мен заманауи құрылыс шикізаттарын пайдалана отырып, көпқабатты үйлерді жарты жылда тұрғызатындай дәрежеге жеттік. Әдетте құрылыс жұмыстары көктемде басталып, қысқа дейін аяқталады. Тәуелсіздік мерекесіне дейін жаңа баспаналардың дені иелеріне таратылып беріледі. Келер жылдың басында кезекті құрылыс жұмыстарына әзірлік қолға алынады. Міне, осы уақытта баспана бағасы көтеріліп, артынша сабасына түседі. Бұл жылда қайталанатын құбылыс, – дейді маман.
Бағдарлама баспана мәселесін шеше ме?
Жыл басында зейнетақы жинақтарын кәдеге жаратуға бағытталған бағдарлама күшіне енгізілгені белгілі. Қаржы денсаулықты түзеуге немесе баспана мәселесін шешуге бағытталуы тиіс. 2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған негізделген заңға қол қойып, 23 қаңтардан Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды. Арнайы порталда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталғалы үш сағаттың ішінде 4 мыңнан астам адам өтініш берген еді. Қазіргі таңда (12 ақпандағы мәлімет) өтініш білдіргендердің қатары 116 мыңнан асты.
Жалпы, БЖЗҚ-ға уәкілетті операторлардан («Отбасы Банкі» ТҚЖБ» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ) тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында жалпы сомасы 408,1 млрд теңгеден асатын 75 186 өтініш қанағаттандырылған. Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,4 млн теңгеден асады. 15,5 млрд теңге сомаға 2 888 өтініш уәкілетті операторларда ашылған арнайы шоттарға кейіннен төлемдер жасау үшін өңделуде. Қазіргі уақытта үй сатушыларын "құтыртып" отырған да осы зейнет жинағындағы қаржы көрінеді.
"Қазақстан билігінің ел тұрғындарына Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына жиған қаржысын кәдесіне жаратуына мүмкіндік беруі құптарлық бастама, – дейді "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры, белгілі экономист Рахым Ошақбаев. – Біріншіден, бұл бастама мемлекеттің тәртібіне мойынсұнып, салығы мен зейнетақы қорына ақшасын адал аударып жүрген орта тап өкілдеріне баспана мәселесін шешуге бағытталған ұтымды ұсыныс. Екіншіден, көлеңкелі бизнесте жүргендердің қаржысын жарыққа шығаруына, ешбір келісім-шартсыз тер төгіп жүргендерді заңды еңбек етуге итермелеуі тиіс. Зейнетақы шотына тиісті мөлшерде қаражат жинай алған кез-келген қазақстандық болашақта баспана мәселесін шеше алады.
Негізінде қаржыны жаңа тұрғызылып жатқан үйлерге жұмсаған мемлекет үшін тиімді болар еді. Мұндай қадам ең алдымен құрылыс нарығын айтарлықтай жандандыруы тиіс. Соңғы 9 айдың көлемінде экономиканың осы саласы 10,2 % өсті. Құрылыс қарқын алған сайын жаңа жұмыс орындары құрылып, ел экономикасы жандана түсер еді, – дейді ол.
Бағдарлама бағыттары нақты айқындалмағандықтан, кейбір сатушылар спекуляцияға баруда. Яғни, ел арасында дүрбелең тудырып, баспана бағасының көтерілуіне себепші болып отыр.
Қайтпек керек?
Жалпы, Қостанай облысында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімінің есебіне жүгінер болсақ, 2020 жылы орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі үштен біріне өсті (НКИ – 128,4%) және 150,7 млрд теңге құрады. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар 19,5%-ке өскен.
Жыл басынан бері 13,1% өсімімен 379,4 мың м2 тұрғын үй іске қосылды. 3 600 пәтер пайдалануға берілді.
Облыс орталығының өзінде ғана «Әуежай» және «Юбилейный» шағын ауданының құрылысы аяқталуға жақын, оларда 76 үй (453,9 мың ш.м.,) тұрғызылды. Тағы 12 үйдің құрылысы аяқталып келеді. Сондай-ақ, «Қонай» және «Береке» жаңа шағын аудандары құрылуда. Мұнда 102 көпқабатты тұрғын үй (503,7 мың м2, 7 996 шаршы метр) салынады және ЖТҚ үшін 2,0 мыңнан астам учаске (210 мың м2) бөлінеді.
Бүгінгі күні «Береке» шағын ауданында 8 үйдің (74,0 мың м2, 693 ш.м.) құрылысы аяқталды. «Қонай» шағын ауданында ағымдағы жылы 19 көпқабатты тұрғын үй (754,0 мың м2, 855 пәтер) құрылысы аяқталатын болады. Ал былтырғы көрсеткішке көз жүгіртер болсақ, 379,4 мың шаршы метр баспана қолданысқа енгізілген.
Осыған қарамастан, пәтер құны әлі де көтерілуде. Сарапшылардың пайымдауынша, мемлекет – халықтың сұранысын толық қанағаттандыруға әлі де қауқарсыз. Қаншама құрылыс алаңдары құрылып, тұрғын үйлер жаңбырдан соңғы жауқазындай қаптаса да, баспана кезегі кемір емес. Жаңа үйлердің жетіспешулігі – ескі үйлерге деген сұранысты арттыруда. Сұраушылар көбейгесін, сатушылар да шіреніп отыр. Баспана бағасын бұғаттаудың бірден-бір жолы – дүрбелеңге дүбір қоспай, әліптің ақырын күту. Мамыр, маусым – нағыз, асықпай, арбамен қоян алар кез, яғни қалаған баспанаңызды қолдағы қаржыңызға сатып алуыңызға болады, дейді сарапшылар.