Ең қажеті осы еді…
WhatsApp құрастырушылары пайдаланушының құрылғысындағы ғана емес, сұхбаттасушысының да хабарламаларын жоюға мүмкіндік беретін қосымша енгізді. Аталған қызмет басқа абоненттерге қателесіп хабарлама жіберіп қойған жағдайда көмегін тигізбек, деп хабарлайды Қазақпарат, The Next Web сайтына сілтеме жасап. Хабарламаның толықтай жою оны жібергеннен кейін жеті минут ішінде жүзеге асырылады. Бұл уақыт өткенге дейін хабарлама жойылмай тұрады. Чаттағы хабарлама орнында «Хабарлама жойылды» деген жазба пайда болады. «Бәрі үшін жою» жаңа қызметі қосымшалар жаңартылғаннан кейін пайда болады.
Жаңа қызметті Android, iOS және Windows Phone басқаруындағы құрылғымен қолдана алады. Ол үшін жоюды қажет ететін хабарламаны таңдап, саусақпен басып тұрып, ашылған терезеден «Бәрі үшін жою» нүктесін таңдау керек. Қажет болған жағдайда бірнеше хабарламаны бірден жоюға болады, деп жазды The Next Web.