Калачиден – Қарабатырға

Елімізге танымал Қарабатыр ауылы биыл тағы бір берекелі іс жасап отыр – Ақмола облысының белгісіз ұйқы басқан Калачи елдімекенінен 5 бірдей отбасын көшіріп әкелді. Жұмысқа жарамдыларынан бастап, зейнеттегі қарттары бар жанұялар ақпан айынан бері еруліктерін алып, жаңа қонысқа үйренісіп жатыр. Олардың ең алдымен денсаулық жағдайын, тіршіліктерін өңірімізде алғаш болып «Қостанай таңы» газетінің тілшілері көріп қайтты.
Жұрттың үрейін алып болған Калачи ауылындағы оқиғадан кейін талай тексеру, сараптамалар жүргізілгенімен, ұйқы дертінің нақты неден болғанын ешбір орган тап басып айта алған жоқ. Ақмола облысы басшылығының үлкен елдімекенді бірден тұтастай басқа жерге көшіріп әкетуге амалы қалмады, бірақ ол бір күнде шешіле салатын іс емес. Ал болашағына алаңдаған ол жердің тұрғындарын Марат Құдайқұлов секілді азаматтар үкіметтің көмегіне қарамай, өз күшімен көшіріп алуды жөн көріпті.    
Марат Құдайқұлов, «Қарабатыр» Агрофирмасы» ЖШС директоры:
– Калачидегі жағдай бәрімізді бей-жай қалдырған жоқ. Ондағы жұрт басқа жаққа көшу үшін, барған жерлерінде жұмыспен қамтылуы керек. Ал біздің ауылға мамандар қажет болды. Қарабатырға көшір келуге ниеті бар адамдар болса, қабылдауға дайын екенімізді айтып Калачиге серіктестік өкілін жібердім. Ол жақтан 5 отбасы келгісі келетінін айтыпты. Сосын арнайы жүк машиналарын жіберіп, әлгі жанұяларды көшіріп алдық. Олар зейнеткер, мұғалім отбасы мен үш жас отбасы. Алғашқы көш ақпан айында келді. Көктемгі егіс науқанында бізге механизатор, тракторшы, жүргізуші, ал мектепке мұғалімдер мамандар керек. Міне, келген отбасы мүшелері қазір жұмыспен қамтылды. Серіктестік атынан барлығына баспана берілді. Әр отбасына 50 мың теңгеден көмек көрсетіп отырмыз. Отын-су, азық-түлік, басқа да қажеттіліктер берілуде.DSCN1457
Біз сапарымызды алдымен қарттары бар отбасын аралаудан бастадық. Григорий және Вера Сазоновтар осыдан 61 жыл бұрын Ресейден Қазақстанға тың көтеруге келіп, содан бері Калачиді мекен етіпті. Енді, міне, ұрпағының салауатты өмірі үшін өңірімізге  қоныс аударып отыр.DSCN1465
Ал Калачиде туып-өсіп, сол ауылда 23 жыл бойы орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Людмила Самусенко бүгінде Қарабатыр елінде мамандығы бойынша қызметін жалғастыруда. Өзі болмаса да, баласы, келіні, немерелері белгісіз ұйқыға шалдыққан. Сол себепті, жан тыныштығы үшін жаңа қонысқа көшуді жөн көрген екен.DSCN1495
– Біз жанұямызбен 19 ақпан күні көшіп келдік. 1 наурыз күні жұмысқа шықтым. Агрофирма атынан жөндеуден өткен баспана берілді. Үйіміз кең әрі жылы. Серіктестік басшылығы материалдық көмектерді де аяп жатқан жоқ. Туған ауылымызды сағынамыз, әрине. Дегенмен келешегімізді ойлауымыз керек. Оның үстіне өзіңді жылы қарсы алған мұндай ұжым бар ауыртпалықты ұмыттырып жібереді екен, – деді ұстаз.DSCN1501
Ал Людмила Самусенконың ұлы Игорь көшіп келе сала, бір аптадан кейін серіктестікке көлік жүргізушісі болып жұмысқа алыныпты. Екі баласы бар, жұбайы үйде декреттік демалыста отыр. Калачиде Игорь бір жарым тәулік ұйқыда болғанын айтады. Әйелі оята алмаған соң, дәрігерлер оны Көкшетауға апарған. Ұйқыдан сонда ғана тұрған. Ал Қарабатырға келгелі ондай құбылыс байқалмапты. Жас отағасы қазір өзіне сеніп тапсырылған көлігін көктемгі егістікке дайындап, жөндеп жатыр. Жұмысқа тұрғанына көп уақыт өтпесе де, әріптестерімен тез тіл табысып кеткен. «Ауылдықтардан білмегенімді үйреніп жатырмын», дейді Игорь. 
 
Міне, келген отбасылардың жай-күйі осындай. Жұмысқа жарамдылары ел қатарлы еңбек етіп жүр. Ауыл тұрғындарымен танысып, аралас-құралас болып та жатыр. Бізбен жолыққандардың барлығы да Қарабатырдың халқы бауырмал, мейірімді, ал суын тұщы әрі тұнық дейді. Ең бастысы, қазір олардың саналарынан Калачидегідей бірнеше күнге ұйықтап кетеміз бе деген үрей жоғалған. 
 
Қыдырбек ҚИЫСҚАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓