Ғазиз Бекмұхамедов: «Жұмыс жалғаса береді»

Биылғы Қамысты ауданының ауылдар және ауылдық округтер әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері 19-28 қаңтар аралығында өтті. Халықтан 67 сұрақтар мен ұсыныстар келіп түсті. Тұрғындар алдында қорытынды есеп беру кездесуін онлайн өткізген аудан әкімі Ғазиз Бекмұхамедов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне тоқталды. Өткен жылы Қамысты ауданының экономикасына 6,8 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл 2019 жылға қарағанда 1 млрд теңгеден артық. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 140%-ке орындалып, 2,9 млрд теңгені құраған. Қылмыс деңгейі 38 пайызға төмендеп отыр.
 
Халық саулығы – басты назарда
Әкімнің биылғы халыққа есеп беруі ең алдымен денсаулық саласына қатысты болғанын айрықша атап өткен жөн. Қазір Қамысты өңірінде аудандық орталық ауруханадан бөлек, 15 алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем көрсету нысаны жұмыс істеп тұр.
– Облыс басшылығының қолдау көрсетуімен және аудандық әкімдік пен аурухананың ұйытқы болуының арқасында медициналық қызмет материалдық жағынан да, кадрлық жағынан да толығып отыр. Өткен жылы ауданымызға 4 дәрігер мен 5 медициналық қызметкер жұмысқа келді. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында аурухана ғимараты екінші кезеңдегі күрделі жөндеуден өтті. Жылыту, қасбетін жаңарту, терезелерін ауыстыруға  200 млн теңге жұмсалды. Меценаттардың көмегімен ұзақ жылдардан бергі қордаланған түйткіліміз шешіліп отыр – емдеу орнын жылыту көмірден табиғи газ қазандығына ауыстырылды, – деді Ғазиз Ерболатұлы.     
Жаппай пандемияның алғашқы толқыны кезінде демеушілердің көмегімен өңірге 11 оттегі концентраторы жеткізілген екен. Ал Адаев, Аралкөл, Алтынсарин, Дружба және Қамысты ауылдарына жаңа жедел жәрдем көліктері сатып алыныпты.
Бір қуантарлығы, өткен жылы Қамысты елінде 160 нәресте дүниеге келіп, ол 2019 жылғы көрсеткіштен 120 пайызға артып отыр.
Ауыл шаруашылығы ақсаған жоқ
Өткен жыл Қамысты елінің ауыл шаруашылығы үшін де оңай болмағанмен, көрсеткіш анағұрлым көңілден шығып отыр. Өнімнің жалпы көлемі 26 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылға қарағанда 2 есеге артық. Оған астықтың гектарынан 9,7 центнер (2019 жылға қарағанда 3,5 есе көп) беруі себеп. Жоғары дән жинаған – «Содружество-98», «Алтынсарин», Өмір – 2005» серіктестіктері. Негізгі капиталға тартылған қаражат көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды, 14 трактор, 9 астық жинау комбайны мен 26 ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды. Ал биылғы 10 ақпанда Қамысты селосында «ПКФ «Қайрат» ЖШС майлы және бидай дақылдарын қабылдау, кептіру бойынша астық қоймасының инвестициялық жобасының құрылысын бастап отыр.  
Шағын кәсіпкерлікке жол ашық
Бизнестің дәл осы саласы қазір Қамысты өңірінде дамудың басты бағыттардың өзегіне айналған.
– Кәсіпкерлікті жандандыру мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуының бірден-бір көрсеткіші. Ауданымызда 445 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Бөлшек тауар айналымы өткен жылы 786,8 млн теңгені құрап, 2019 жылға қарағанда 104,3%-ке артып отыр. 4 рет ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, барлығы 124 тонна азық-түлік саудаланды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік жөнінде кәсіпкерлермен 29 меморандум келісіліп, 14 құжатқа қол қойылды, – деді аудан басшысы.
Әлеуетті көтерер жобалар
Қазіргі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың дамуы кез келген өңір үшін басты түйткілдердің бірі екені жасырын емес. Бұл жағынан Қамысты аймағы қалыс қалып отырған жоқ. Бүгінде 16 ауылдық тіректің тең жартысы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне (халықтың 82,7%) қосылған. 2 селоға тіршілік нәрі тасымалданатын болса, 6 ауыл құдық суын ішіп отыр. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 145 шақырымды құрайды.
– Өткен жылы «Қамысты» ЖШС балансына Пушкин және Мешітті ауылдарына сапалы ауыз су жеткізу мақсатында автоцистерна сатып алынды. Биыл Орқаш, Аралкөл, Талдыкөл және Ливанов елдімекендеріне құны 17 млн теңге болатын 4 ауыз су тарату пунктері орнатылады. Селоларды орталық су жүйесімен қамту бойынша Бестөбе мен Адаев елдімекендеріне тарату желілерін тарту бойынша жұмыстар 2022-2023 жылдар жүзеге асады. Оған бюджеттен 1 млрд 268 млн теңге қарастырылған, – деді Ғ.Бекмұхамедов.
Бүгінгі күні Адаев пен Бестөбе ауылдарын көгілдір отынға қосу бойынша60 шақырымдық Қамысты-Алтынсарин газ құбырын тарту жұмыстары жалғасуда. Биыл бұл науқан аяқталады. Осы кезге дейін 40 шақырым газ құбыры тартылып болды. Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайды.  
 «Ауыл – Ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Қамысты селосының Құдайқұлов, Гумилев, Журавлев, Северный, Энергетиктер, Құдайқұлов пен Северныйдың қиылысындағы Школьная көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бұл мақсатқа 310 млн теңге қаражат жұмсалған.
Ал кеңес заманынан көтерме болып жатқан 32 шақырымдық Ливанов-Арқа жолына асфальт төселгені жайында бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Былтыр оған аудандық маңызы бар Клочковқа баратын 9  шақырымдық (263,5 млн теңге), Талдыкөлге баратын 15 шақырымдық (435 млн теңге) және Фрунзеге баратын 12 шақырымдық (250 млн теңге) автокөлік жолдарының орташа жөндеуін қосуға болады.
Ауданда атқарылған жұмыстардың барлығын тізіп беру мүмкін емес. Өздеріңізге белгілі, былтыр «Ауыл – Ел бесiгi» арнайы жобасы аясында Қамысты елдімекенінде «Юность» стадионы жаңа кейіпке енгенін жазған болатынбыз. Оған бас-аяғы 526 млн теңге қаржы жұмсалды. Қамысты ауданы құрылғанының 65 жылдығына орай 173 адам мерейтойлық медальмен марапатталды. Даңқты жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, ғарышкер, ақын Михаил Журавлёвтың құрметіне стела орнатылды. 
 
Қамысты ауданы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓