«Арзан аяқ киімнің» құрбандары
Қостанайлық алаяқ бірнеше әйелді миллион теңгеден астам сомаға батырып кеткен. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Белгілі болғандай, еліміздің әр түкпірінен әйелдер «арзан» етіктерге тапсырыс береміз деп алданып қалыпты. Ақпараттық технология арқылы жасалған мұндай қылмыс полицияның «Anti-fraud» (алаяқтықпен күрес) жедел шарасы барысында әшкере болып отыр. Тәртіп сақшылары осы уақыт аралығында ақпараттық технология тәсілімен жасалған 30 қылмыстың бетін ашқан.
«9-11 ақпан аралығында өткізілген республикалық «Anti-fraud» жедел алдын алу шарасының нәтижесінде полицейлер интернет алаяқтықтың 29 қылмысын әшкереледі. Ғаламтор саудасының құрбандары – атақты бренд аяқ киімдерін «арзан» бағаға сатып алған әйелдер. Қостанай қаласының 25 жасар тұрғыны өткен қараша-желтоқсан айларында Instagram әлеуметтік желісі арқылы қымбат фирманың әйелдер туфлиін саудаға қойған. Қыз-келіншектер оның банк картасына ақша аударған, бірақ ешқандай аяқ киім алмаған. Мәселен, Степногор қаласының 34 жасар тұрғыны күдіктінің шотына 94 мың, ал Семей тұрғыны 150 мың теңге аударғанымен, тауарлар мекенжайға жетпеген. Осы қатарлы 12 факт тіркеліп отыр. Күдіктіден планшет, ұялы телефоны мен банк картасы тәркіленіп алынды», – делінген хабарламада.
Тағы бір қостанайлық алаяқ тұрғындардың барлық мәліметі арқылы микрокредиттік мекемеден онлайн несие рәсімдеген. Зардап шегушілердің арасында өзге облыстардың тұрғындары бар. Барлық жапа шеккендер – 17 адам. Келген шығын миллион теңгеден асады.
Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, жедел алдын алу шаралары барысында бұған дейін ақпараттық технология арқылы жасалған 15 қылмыстың беті ашылыпты.