Күн тәртібінде – көше атаулары

Рудный қаласындағы ең жас әрі үздік білім мекемелерінің бірі – №7 мектеп-гимназиясына қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жерлесіміз Бейімбет Майлинның аты берілуі мүмкін. Мектеп директоры Қымбат Бірмановтың көтерген бұл бастамасын қалалық ономастика жөніндегі жұмыс тобының мүшелері қолдап отыр. Әкімдіктің мәжіліс залында өткен комиссия отырысына Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика және көрнекі ақпараттар мониторингі бөлімінің басшысы Жарасқан Наурызбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры Жақып Қалқаман қатысты.IMG_8342
– Келер жылы қазақ жұрты Бейімбет Майлинның 125 жылдығын атап өтуді жоспарлап отыр. Сол себепті қазақ мектебіне ұлы тұлғаның беріліп жатса, ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Дегенмен мекеме-ұйымдардың атауын ауыстыру туралы соңғы шешім республикалық комиссияның құзырында болғандықтан аталмыш бастама аяқсыз қалмаса деген тілек білдіреміз, – дейді Қымбат Исланбекқызы.
Ономастикалық комиссияның мүшелері қала көшелерін қазақшалау мәселесін де айналып өтпеді. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін Рудныйда мәселе «жабулы қазан» күйінде қалып отырған. Тек 2014 жылы медициналық қалашық орналасқан шағын көшеге медицина саласының майталманы Амангелді Жантеміровтың есімі берілген болатын.
– Шүкір, егемен ел болғанымызға ширек ғасырдан асты. Біз түгіл көрші Ресейдің өзі Ленинград, Сталинград, Свердловск, Горький сияқты «миллионер» қалалардың атауын заман талабына сай өзгертті. Біз үшін қазақ тілі, қазақ мәдениеті ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін негізгі құралға айналуы тиіс. Сондықтан көше атаулары өзгертілсе, тұрғындар даурығып, қарсылық білдіреді деп ойламаймын. Тек түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілсе болғаны. Елбасымыз айтқан «Рухани жаңғыруымыз» осындай келелі істерден басталады, – дейді профессор Жақып Қалқаман.RUE6LTsm8sI
Әрине, төбеден жай түсіп, бір күн ішінде барлық көше атаулары өзгеріп кетпейді. Бастамашыл тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері көптеген отырыстар мен талқылаулардан өтіп, «жеті рет өлшеніп, бір рет кесілетін» болады. Содан кейінгі соңғы шешім Астанада отырған ел ағаларының қолында.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓