Жақсының аты өлмейді…
Рудныйда жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Орал Мұхамеджановтың құрметіне ескерткіш тақта ашылды. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, қайраткердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Тақтаның музыкалық колледж бен білім бөлімі орналасқан ғимаратқа орнатылуы кездейсоқ емес. Өйткені бұл жерде орта мектеп болған 1963-64 жылдары Орал Байғонысұлы оқыған.
– Орал Мұхамеджанов – Тобыл өңірінің тумасы. Бірақ ерен ердің елжандылық қасиеті елімізде елеулі істердің атқарылуына себепкер болды. Біртуар тұлға Қазақстандағы басқару және заң шығару ісіне мол үлес қосты. ҚР Президент әкімшілігінде жауапты қызметтерді атқарып, Парламент Мәжілісіне екі мәрте төраға болып сайлануы – оған артылған зор сенім мен жауапкершіліктің ауыр болғанын аңғартады. Аптал азамат арамыздан ерте кетті. Көзі тірі болса бүгін 70 жасқа толар еді. Дегенмен «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, Рудный қаласында орнатылған ескерткіш тақта Орал Байғонысұлының елі үшін жасаған еңбегін халыққа, әсіресе осы ғимаратта оқитын жастарған еске салып тұратыны сөзсіз, – деді алғаш боп сөз алған Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы Сайлаубек Есжанов.
Шарада қайраткер тұлғаның көпшілікке беймәлім музыка өнеріне деген жақындығы да сөз етілді.
– Мен музыка зерттеушысы ретінде Орал ағаның өнерге деген жақындығы ата-бабаларынан дарығанын айтқым келеді. Атасы Мұхамеджан Өтелбайұлы Арқа әншілік мектебінің ірі өкілі болған. Жасында Тройцк, Боқырау, Қараөткел, Атбасар жәрмеңкелерінде ән салып, өнер жарыстырған. Оның композитор ретінде шығарған сегіз әні Талиға Бекхожинаның «200 қазақтың әні» жинағында жарық көрген. Әкесі Байғоныс ата да Торғай өңіріне танымал әнші. Орал аға Новосібірде оқып жүргенде классикалық әндер мен опералық арияларды орындап, әншілігімен танылған. Бірақ та ағамыз музыканы емес, мемлекетке, халыққа қызмет көрсетуді жөн санады. Сол себепті, болашақта осы колледжге Орал Мұхамеджановтың есімі беріліп жатса, өте жарасып кетер еді, – деді келіні Гүлнәр Әлпейісова.
Жиын барысында Орал Мұхаметжановтың замандас-достары ірі мемлекет қайраткері туралы естеліктер айтса, жұбайы Шолпан мен қызы Зухра өнегелі істі өскелең ұрпаққа үлгі еткен ел азаматтарына алғыс айтты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
ГҮлнар Пейісова емес, Әлпейісова
Рахмет. Қазір-ақ түзелетін болады.