Жылдық жұмысты қорытындылады
Қостанай қаласы мемлекеттік кірістер басқармасында "Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының 2019 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары" тақырыбында брифинг өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – 2019 жылы қол жеткізілген негізгі қорытынды көрсеткіштерді және 2020 жылға арналған жоспарларды көрсете отырып, мемлекеттік кірістер органдарының қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау.
Қалалық МКБ басшысы Біржан Үсембаевтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет жоспарының орындалуы 104,8% құрап, 81,9 млрд теңгеге артығымен орындалған. Тарқатып айтар болсақ, республикалық бюджет 100,4%-ға, 177,8 млн теңгеге асыра орындалды. Ал жергілікті бюджет 111,5% – ға яғни 3,6 млрд теңгеге артық орындалған.
Түсімдер динамикасында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджет – 116,2% немесе түсімдердің 4,9 млрд теңгеге өсуі байқалып отыр.
–Қалалық бюджетке түсетін түсімдердің құрылымына келер болсақ, ірі бизнес – 17%, орта және шағын бизнес – 66%, мемлекеттік мекемелер – 13%, жеке тұлғалар – 4 %-ға орындалды. Қостанай қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің асыра орындалуына байланысты 2019 жыл ішінде 4,2 млрд. теңгеге ұлғайтуға нақтылау жүргізілді, – деді Біржан Жолдасұлы.
Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеуші негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жолымен шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылық жүргізуді тапсырған болатын. Осыған орай жүргізілген түсіндіру жұмыстарын шағын және орта кәсіп субъектілерінің жеке шоттарының нәтижелері бойынша 2018 жылдың қазан айында 1364 салық төлеушіге 775,8 млн теңге сомасында негізгі қарызды өтеу анықталып, 461,4 млн теңге сомасында өсім, 56,8 млн теңге айыппұл есептен шығарылды. Ал жеке тұлғаларға рақымшылық жасау бойынша 34,9 млн теңге сомасына 18371 салық төлеуші бойынша өсім есептен шығарылған.
Шара соңында Біржан Үсембаев ағымдағы жылдың соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, 2020 жылы бюджеттің кіріс бөлігін орындау үшін қосымша резервтерді іздестіру бөлігінде салықтық есептілік нысандарына бақылау жүргізуге басымдық берілетін болады. Талап-арыз жұмысы, тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғаларды тіркеу есебіне қою бойынша іс-шаралар, сондай-ақ бюджет алдында берешегі бар салық төлеушілерден мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары жалғасатын болады.
Суретті түсірген автор.