Қостанай шұбаты Мысырда
Мысырлық бизнесмендер қостанайлық фермер Алмат Нұрмахановтың ерекше технологиясымен әзірленген түйе сүті – шұбаттың дәмін татып, жоғары бағасын берді.
5-7 ақпан күндері Египеттің Шарм-эль-Шейх қаласында Мысыр-Қазақстан сауда-инвестициялық бизнес форумы өткен болатын. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров бастаған делегацияны еліміздің 13 өңірінен барған 60-тан астам қазақстандық компания, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік құрылымдардың өкілдері құрады. Форумға Мысыр тарапынан іскерлік қоғамдастықтың 200-ден астам өкілі қатысты.
Ауқымды іс-шара барысында «Қазақстанда жасалған» әмбебап көрмесі ұйымдастырылып, онда жерлесіміз Алмат Нұрмаханов ойсыл қараның өнімдерімен таныстырды.
– Пирамидалар елі Қазақстанның батыс өңірін көз алдыңа елестеді. Бұл жақта да шекарасы көрінбейтін шөл-шөлейт, келе-келе түйелер мен басты байлығы – мұнай бар. Бірақ та байқағаным, мысырлықтар өте еңбекқор және жоқтан бар жасауға әбден бейімделген. Мен көрмеде шұбатпен қатар түйе етінен жасалған қазы, құрт, ірімшік, жент сияқты өнімдерді қойдым. Отандастарыма да, қонақтарға да қатты ұнады. Түйенің сүті де, одан өндірілген шұбаттың дәмі де климаттақ ерекшеліктермен қатар, оны жасау технологиясына байланысты. Форумның қорытындысы бойынша ешқандай келіссөздерге қол қоймасам да, мол тәжірибе мен керемет әсер алып қайттым, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, бүгінде Б.Майлин ауданы, Юбилейное ауылының тұрғыны Алмат Нұрмаханов фермерлік туризмді дамытуға жақсы бастамалар жасап жүр. Биыл сәтін салса, Биыл еліміздің батыс аймағы мен Ресейге апаратын А-22 трассасының бойында киіз үй тігіп, этномәдени орталық ашу жоспары бар.
Қуаныш Есқабыл