«Аңсаған сәби» бағдарламасы: квота 6 есеге көбейді
Еліміздің отбасылық-демографиялық ахуалын жақсарту мақсатында ЭКҰ бағдарламасы 2010 жылдан бастап тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлеміне (ТМККК) енгізілген болатын. Ал біздің аймағымызда бедеулікке шалдыққан ерлі-зайыптылар үшін бұл бағдарлама 2012 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Тоғыз жыл бұрын Қостанай жерінде алғашқы экстракорпоральды ұрықтандыру процесі басталды. Ол жылы бөлінген екі квотаның екеуі де сәтсіз болған екен. Бірақ келер жылдардан жоба өз нәтижесін бере бастады.
Президент Жолдауында айтылған «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылғаннан бері биыл Тобыл өңірі бойынша квотаның көлемі артты. Бұл бала сүю бақытын еселеп, облыстағы демографиялық жағдайды жақсартуға зор ықпал етпек. Қостанайлық дәрігерлер «ЭКҰ» бағдарламасын сәтті іске асыру мақсатында кешенді жұмыс жоспарын бекітті. Қазір өңірде екі мыңдай жұп дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
– Биыл өңірімізге 320 квота бөлінген. Қазіргі таңда осы квоталарды игеру мақсатында облысымызда ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Пациенттерді тексеру кезінде ешқандай кешеуілдеу болмас үшін бастапқы медициналық мекемелермен жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, емделушілердің тез арада тексеруден өтіп, уақыт оздырмай квота алуы, ЭКҰ бағдарламасынан өтуін жүзеге асыруға байланысты жол картасы әзірленді. Сондықтан 2019 жылдан бері өтініш білдіргендердің көп бөлігі биылғы жылы қолдан ұрықтандыру үшін жолдамалар алады, – дейді Қостанай облыстық ауруханасының медициналық-генетикалық кеңес беру бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Файзулина.
Оның айтуынша, 2021 жылы квота саны өткен жылға қарағанда алты есеге артқан.. Яғни, Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін бағдарламаның тамырына қан жүгірді деуге болады. Ендігі кезек процедурадан өту аясы да кеңейді. Бұрын тек екі көрсеткіш – әйелдердің қос түтікшесінің болмауы мен ерлер факторы ғана болған, қазір эндокриндік, белсіздік көрсеткіштері артты. Сондықтан қаралушылар қатары да көбейген.
– Өткен жылы өңірімізге 52 квота берілді. Пандемияға қарамастан, біздің орталық жұмысын үзген жоқ. Карантинмен өткен 2020 жылдың өзінде қолдан ұрық салдырған келіншектердің 48 пайызы бала көтеріп отыр. Бұл өте жоғары көрсеткіш және одан алдыңғы жылдардан кем емес. Сол былтыр жүкті болған әйелдер амандық болса алдағы маусым-шілде айларында босанады. 2019 жылы 50 квота алған әйелдер арасынан 20-ы өмірге сәби әкелді. Арасында егіз балалар бар, – деп сүйінші хабарды жеткізді Әсел Ғазизқызы.
Сондай-ақ, дәрігер-маман ЭКҰ процесін өткеру кезінде аса қиындық болмайтынын айтады. Олар дәрігерлердің бақылауында болады, қажетті процедуралардан өтеді. Нәтижеге жету жолында ерлі-зайыптылар өте шыдамдылық танытуы керек. Алғашқы сәттен барлығына бірдей бала сүйе салу деген жоқ. Ондай кезде әйелдердің 25-30 пайызы ғана бала көтере алады. Айталық, Қостанай облысында алғаш рет ЭКҰ жасатудың екі жағдайында да перзент болмады. Ал келесі жылынан бастап бұл оң нәтиже берген.
– 18-ден 42 жас аралығындағы ерлі-зайыптылар ғана қатыса алады. Егер пайыздық жағынан алсақ, Қостанай қаласынан нәрестелі болуға ниеттілердің саны басым. Бірақ соңғы уақытта аймақтың басқа да аудан-қалаларынан, әсіресе, Арқалық өңірінен дәрігер көмегіне жүгінушілер қатары артып келеді, – дейді Әсел Файзулина.
Қазір ұзақ жылдардан бері бір перзентке зар болып жүрген қаншама шаңырақ бар. Әсел Файзулина маман ретінде шаңырақ құрғаннан бір жылдан астам бала көтермесе ол отбасылар уақытты оздырмай жергілікті ресми мемлекеттік медициналық мекемеге жүгіну керектігін еске салады.
– Себебі, мұндай адамдарда бедеулік-белсіздіктің белгілері бар деген сөз. Акушер-гинеколог және андролог дәрігерге қаралған жөн. Егер бекітілген аудан-қалаларда жүгіне алмаса, бірден бізге келе алады. Қай кезде де қандай жолдары барын айтып түсіндіріп береміз. Өкінішке қарай, біздің өңірімізде де бедеулік-белсіздік белең алып бара жатыр. Қазір ер адамдар арасында мұндай көрініс артып келеді. Оның алдына бір перзентке зар болған түрлі тағдырлар келеді. Мына бір оқиғаны бізге баяндап берді:
– Біздің тізімімізде мынадай бір отбасы бар. Олар үйленгеннен бір жылдан кейін-ақ бізге кезекке тұрды. Отанасы бірнеше рет ақылы ЭКҰ жасатты. Бірақ нәтиже бермеді. Өткен жылдары ерлі-зайыптылар туыстарының баласын асырап алды. Сонда да әлгі әйел біздің орталыққа жылда тіркелуін тоқтатпай келе жатқан. Кезегі келді, ұрық салынды. Қазір ол келіншек екіқабат. Құдіретті қараңыз, УЗИ егіз баланы көрсетті. Енді сол әйелдің аман-есен босануын күтеміз. Өзі де қаншама шыдамдылық көрсетіп бақты, алда бәрі жақсы болады деп сенемін. Жалпы ЭКҰ әдісімен өмірге келген егіздер тәжірибемізде баршылық. Сол себепті, осындай бақытты сәтті әр шаңыраққа тілейміз!
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.