Жастарға қолдау
А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде мансап және жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Жұмысқа орналастыру: болашағы мен келешектегі мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға «Серпін» мемлекеттік бағдарламасының түлектері мен студенттері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Аталмыш бағдарлама елімізде 2014 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Осы жылдар ішінде өңірлік университет бағдарлама аясында 945 жас маманды дайындап шығарған. Қазіргі уақытта университетте бағдарлама бойынша 154 студент білім алуда. Олар педагогикалық, ауылшаруашылық, техникалық, IT бағыттар бойынша оқып жатыр.
Алдағы жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша 24 студент диплом алады. Бұл студенттер үшін, соңғы өзгерістерге байланысты, өтеу мерзімі тек 2 жыл болмақ. Түлектің жеке таңдауымен тізімі белгіленген 11 облыстың бірінде жұмыс істеуге де болады. Бұл жастар үшін тиімді. Бағдарлама түлектерінің алаңсыз қызмет етуі үшін барлық жағдай жасалған, баспанамен қамтылады, жәрдемақылар төленеді. Жастарды жұмыспен қамту үшін басқа да мемлекеттік бағдарламалар бар.
Шараға «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған ҚӨУ-нің түлектері де келді. Олар жұмысқа орналасып, жағдайларының жақсы екендіктерін айтты, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалана білген мамандар жас буынға ақылдарын айтып, бағыт сілтеді.
Университтің әлеуметтік-тәрбие жөніндегі проректоры Нұрлыхан Темірбеков бүгінгі отырыстың негізгі мақсаты «Серпін-2050» бағдарламасының түлектерімен өзара ынтымақтасты нығайту әрі «baitursynov_university serpin alumni» қоғамдық бірлестігін құру екенін айта кетті. Ал облыстық қоғамдық даму басқарма басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов үкімет тарапынан қашанда қолдау бар екенін жеткізді.
– Бүгінгі кездесудің маңызы зор. Келер жылға жоспар көп. Біз университетпен тығыз байланыстамыз. Былтырғы жылдың ақпан айынан бастап, жергілікті атқарушы органдарды, қала, аудан әкімдіктерін тарта отырып, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға атсалыстық. Шілде айында өткен облыстық жұмыспен қамту жәрмеңкесі жақсы нәтиже берді. Бұл жұмыс жалғасын табады. Қай өңірге қандай маман керегін біліп, осы ақпаратты оқу орындарына ұсынамыз. Жас мамандардың да пікірі мен мүмкіндігіне қарап, санасамыз. Онымен қоса жеке шаруашылықтарға да хабарластық. Олар жас мамандарға жағдай жасаймыз, үй-жайын, малын береміз, тек жастар ауылға келіп, еңбек етсін деген ұсыныстарын білдіруде. Таңдау өздеріңізде. Жастардан түрлі жоба, тың ойлар ұсынылып жатса басқарма тарапынан қашанда қолдау бар, - деді Абылайхан Кәкенов.
Сонымен қатар дөңгелек үстелге Қостанай қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының мамандары Аида Жаркенова мен Бақытгүл Жантілеуова қатысып, «Оңтүстіктен – Солтүстікке көші-қон бағдарламасы» және «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастарға арналған бағдарламалар» бойынша ақпарат беріп, түрлі сұрақтарға жауап берді.