УАҚЫТПЕН ӨЛШЕНБЕЙТІН ҰҒЫМ
Мен туған жер – Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылы облыс орталығынан 180 шақырым қашықтықта орналасқан. Шекараның шебіндегі ауылдың қаймағы бұзылмаған, нағыз қазақы орта,тілі, ділі мен діні қаз-қалпында сақталған мекен.
Ауылдан аудан орталығына (Ұзынкөлге) барар жолдың сұрқы жоқ болатын (әлі де солай). Мұның есесіне, ауыл іргесінен өтетін Қостанай мен Ресейдің Қорған облысын байланыстырар жол сайрап жатыр. Ауылда қат затты алу үшін обағандықтар Меңдіқара аудан орталығына, не Ресейдің (еліміз енді тәуелсіздік алған жылдары шекарамыз ашық-тын) Қорған облысына қарасты Звериноголовск ауданына жол тартады.
Үлкендер жағы үлкен іспен айналысып жүргенде бізге қант пен шәй тасу бақыты бұйырушы еді. Бала емеспіз бе, тәттіге тиын үнемдеу үшін өз басым тайға жайдақ мініп, орталықтағы дүкенге бармай, ауылдан 5-6 шақырым қашықтықтағы Ресейдің Украинец ауылына аттанатын шағым әлі есімде. Ауылдықтардың басым көбі сөйтетін. Себебі осы болды ма, сол жылдары ауылдықтар теңге ұстауды қойды. Ауыл ішіндегі сауда-саттықтың өзі Ресейдің рублімен жүргізілетін күйге жетті. Көрші ауылға барғыштар көбейген сайын орысша сөйлегіштер де ортамыздан шыға бастады. Абырой болғанда ауыл іргесіне кеден бекеті қойылып, шекара шегенделді. Осыдан кейін ғана теңгеміз ортамызға оралып, ауылдықтар қайтадан қазақы қалпына келген еді…
Ресейге жиі сапарлайтындардың бірі – менмін. Көршіміздің тілінде көсілте сөйлей білсем де, шекарасын аттап басқанда кәдімгідей жүрексінетінім бар. Біріншіден – бөтен мемлекет, екіншіден – өзге ұлт, үшіншіден – уақыт белдеуі. Көрші елмен қоңсылас орналасқан облыс тұрғындары үшін орекеңдердің өзі де, тілі де таңсық болмауы тиіс. Ал уақыт айырмашылығы кімнің болмасын титығына тиері хақ. Шекарадан арғы бетке өткенде де, елге қайтқанда да көретініңіз: сағат, телефонын шұқылап тұрғандар, еститініңіз: "уақыт қанша болды", "сағат айырмашылығы қанша" деген сауал.
Менің осы байқағаным бәз біреулерге болмашы, әңгіме қылуға келмес, ерсілеу көрінер. Десек те, психологияда мұны – "Психологиялық кедергі" деп атайды. Ғылым тілімен айтқанда, бұл – адамның белгілі бір әрекеттерді сәтті орындауына кедергі келтіретін табиғи психикалық ішкі тосқауыл. Ол адамның қорқыныш, алаңдаушылық, өз-өзіне деген сенімсіздігін күшейту арқылы жүзеге асырылады. Бала психологиясында айтулы кедергілерді жоюға күш салатын болса, құзырлы органдарда осы әдіс арқылы күдіктіні тұқырту (темір торға жабу, кісен салу, жерге қағылған орындыққа отырғызып, шамды адамның бетіне бағыттау іспетті әрекеттер), сағын сындыру арқылы шындықты айтқызу мақсатында қолданылады.
Алдыңғы жылдары осы психологиялық әдісті Оңтүстік Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің мемлекеттік қызметкерлерге "сәтті" қолданғанын айта кеткен жөн. Жемқорлықпен тұтылғандардың жазасын өтеу орындарын, яғни түрмелерді мемлекеттік қызметшілерге таныстырған департамент өкілдері экскурсияға қатысушыларды бір сәт темір тордың ішінде қалдырған көрінеді. Қапаста бірер минут болғандар бостандыққа шығысымен-ақ, темір тордың арғы жағында сезінген сезімдері мен қорқыныштарын жамырай жеткізгенін отандық БАҚ өкілдерінің жариялағаны ел есінде.
Шекарасының шегі жоқ, ақшасы бір, тұтас Еуропаның уақыты да бір. Парижден бастап Прага, Берлин, Варшаваға дейін бір уақыт. Бұл экономикалық байланысты нығайтып, еуропалықтардың жұмысы мен тұрмысын бірдейлеп, рухани байланысын нығайтуға септігін тигізері анық. Геосаяси бағдарына сай болғанымен, Еуропа сағатының табиғи уақытпен үндеспейтінін айта кеткен абзал. Мәселен, Варшавада жұмыс таңғы 5-те басталып, түскі 2-3 кезінде аяқталады. Ал кешкі 5 шамасында Польшада тас қараңғы. Бұдан ұйқысы қанбай қиналып, суицидке бой алдырғандарды көрмейсіз. Сырттан келгендерге психологиялық тосқауыл болған уақытқа поляктардың еті әбден үйренген.
– Уақыт белдеуін ауыстыру мәселесі Варшавада жыл сайын қозғалады, – дейді Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы танысып, тілдескен Павел Семенов есімді ресейлік азамат. – Себебі, бұл жақта таң 4-тен атып, күн 17 шамасында батады. Осыған байланысты, көп мекемелерде, әсіресе дүкендерде жұмыс уақыты таңғы 5 кезінен басталып, түскі 2-ге дейін ғана жалғасады. Ал кешкі 5 шамасында қап-қараңғы болады. Поляктардың дені кешкі 8-дерде тәтті ұйқыда жатады.
– Сағат тілін ауыстыруға сонда не кедергі?
– Бүкіл Еуропаның уақыты бір. Бұл жақтың халқы сапарлағанды, ел аралағанды ұнатады. Еуропалықтар үшін шекараның сызығы кедергі емес. Уақыт белдеуінің біркелкілігі олардың өзін-өзі еркін сезінуіне, уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Мәселен, 17:00-де Праганың Ұлттық музейіне сайланған варшавалық мәдени ошаққа баруға кешігемін немесе ерте барамын деп қобалжымайды. Еуропалықтар барлығының дәл болғанын қалайды.
– Жәй сөз шығар?…
– Жоқ. Өз көзіммен көріп, өзім де осыны жақсы сезіндім. Ресейден келгелі Еуропаны 2 рет араладым. Поезд, ұшақтардың кестесі бір уақытпен көрсетіледі. Кешігемін, қалып қоямын деп қауіптенбейсің. Барлық жерде еуромен есеп айырысып, барлық жерде ағылшынша сөйлесесің. Еуропаның қай жеріне барсаң да өзіңді құдды бір мемлекеттің ішінде жүргендей сезінесің. Табысының дені туризмнен түсіп отырған ел осыдан кейін қалайша уақытын ауыстырып, өзгелерден ерекшеленеді деп ойлайсыз? Варшаваның уақыт белдеуін ауыстырмауының басты себебі де осы.
– Мәскеу мен Варшаваның уақыт айырмашылғы екі сағат екен. Бейімделе алдың ба?
-Әрине. Бастапқыда туристік визамен келген болатынмын. Екі күнім өз-өзіме келуге кеткенін жасырмаймын. Түрі ұқсас болғанымен тілі басқа адамдардан жатырқағаным бір басқа, уақыт белдеуіне ілесе алмай талай қызықтан құр қалғаным тағы бар. Қазір осы жақтың өмір салтына әбден төселіп алдым. Ресейде түнгі 12-лерге дейін сайран салып жүрсем, мына жақтағы қызық кешкі 8-дерде тәмәмдалады. Бар болғаны осы, – дейді Павел.
Құдайға шүкір, біздің таңымыз уақытымен атып, күніміз уақытымен батады. Десек те, мұны қате дейтіндер де бар. Уақыт белдеуін ауыстыру мәселесін көтеріп жүргендер Қостанай сағатын еліміздің батыс аймағымен теңестіру керектігін алға тартады. Мұндай жағдайда біздің уақыт Ресейдің Челябі облысымен де теңеседі. Сонда деніміз сау, ұйқымыз тыныш, көңіліміз сергек болатын көрінеді. Еуроодақ мемлекеттерінің басым бөлігі бір белдеуде отырғанда, астықты аймақ уақытын астанамыздан алшақтатқаннан ұтарымыз осы ғана ма? Экономикалық тиімділік, Ұлттық қауіпсіздік мәселесін қайда қоймақпыз? Уақыт белдеуін ауыстыру қажет пе?! Меніңше, қажеті жоқ!