Эпид ахуал мәз емес

– Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу. Қалыптасқан ахуалдың өте күрделі екенін ашық айту керек. Пандемия өңір басшылары үшін нағыз сынақ болды. Бұл сынақты кем дегенде әкімдердің жартысы, ең жақсы дегенде, «үшке» тапсырады. Осындай жағдайда Үкіметтің үйлестірушілік рөлі бірнеше есе арта түседі. Бұл жерде сырттан тон пішіп отыратындардың пікірі маңызды емес. Үкімет пен тиісті ведомстволардың үйлестірушілік рөлін күшейту қажет, – деді Президент.

– Бұл топ біркелкі емес. Екпе салдырудан бас тарту себептері әртүрлі. Мұндай адамдардың ішінде ойланып жүргендері көп. Барлық әдіс-тәсілді пайдалану, соның ішінде, әлеуметтік желілер арқылы олардың көзін жеткізу керек. Батыстың кейбір дамыған елдері көз жеткізу әдісінен мәжбүрлеу шараларына көшіп жатыр. Ірі еңбек ұжымдарының қызметіне байланысты ерекше жағдайлар болмаса, біз ондай қадамға бармаймыз. Сондықтан өз дегенінен қайтпайтын азғана антиваксерлерге бола, отбасыларын өз еңбегімен асырап отырған азаматтарымыздың денсаулығын қатерге тіге алмаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Негізінен вирус жұқтыру деректері сауда ойын-сауық орталықтарында, кафелер мен ресторандарда болатынын ескеру керек. Мұндай жағдайда сақтану шаралары, соның ішінде вакцинация маңызды орын алады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңірлердегі вакциналардың тапшылығына қатысты мәселені көтерді. Атап айтқанда Алматыда екпенің бірінші дозасы бойынша вакциналаудың бір-ақ күнгі көлемі (6,8 мың доза) қалған. Осы ретте бірқатар өңірде екпе егудің орташа қарқыны бойынша есептегенде қалған вакцина Алматыдағыдан ондаған есе көп. Денсаулық сақтау министрлігіне өңірлермен бірлесіп, вакцинация қарқынына дұрыс болжам жасауға, сондай-ақ, жарамдылық мерзімін ескере отырып, вакцинаны қайта жіберу жүйесін жолға қоюға тапсырма берілді.


– Отандық QazVac вакцинасын қыркүйек айында шығару жоспарланып отырғанын ескере отырып, оның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелуін тездету қажет. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің жұмысы. QazVac вакцинасын екіжақты уағдаластықтар аясында үшінші елдердің нарығына шығару жұмыстарын ұйымдастыру маңызды. Үкіметке аталған мәселені ерекше бақылауға алуды және бір ай ішіндегі атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндауды тапсырамын, – деді Президент.

– Соңғы кездері індет жұқтырғандардың және олармен байланыста болған адамдардың, яғни қоғамдық орындарға барған «қызыл» мен «сары» түс мәртебесі бар тұлғалардың саны арта түсті. Осы ретте арнайы бағдарлама оларды анықтағанда, ниеті бұзық адамдар басқа демалыс орындарын іздеуге ұмтылады. Мұндай жауапсыз тұлғалар айыппұлдардан мүлде қорықпайды, тіпті оларға ешкім айыппұл салмайтын сияқты. Әйтпесе, ЖСН-ді және иммундық мәртебені тіркеу жүйесі бар ғой. Азаматтар осындай жауапсыздықтары үшін жазалануы тиіс. Карантиндік шектеулерді сақтау талаптарын қатаңдатуды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент былтырғы жазда болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайтынын айтты. Ол үшін денсаулық сақтау жүйесінің бір қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.
– Ауруханалардағы төсек-орындарды індетпен ауырғандар үшін қайта дайындау ісіне байланысты жоспарлы операцияларды жасауға алтын уақытымыз кетіп жатыр. Нәтижесінде патологияның меңдеуі салдарынан қайтыс болған науқастардың саны артуда. Бұл емдеу ісінің табысты болу мүмкіндігін барынша төмендетіп, емге көп қаржының жұмсалуына әкеп соқтырады, – деді Мемлекет басшысы.
Бүгін бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталды. Осыған орай Қасым-Жомарт Тоқаев елде күрделі ахуал қалыптасып отырғанын атап өтіп, жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмау керек екенін айтты.
– Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бүгінгі көтерілген мәселенің бәрі Үкіметтің ерекше бақылауында болуы тиіс екеніне тоқталды. Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының өз денсаулықтарын, жақындары мен отбасыларын сақтауы қажеттігіне назар аударды.

Сонымен қатар кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйледі.