Шағым ба, жала ма?

Интернет желісінде Қостанай қаласының тұрғыны Күлшат Қарманованың бейнежазбасы тарады. Қоғамда іркіс-тартыс пікір тудырған видеолардың бірінде Күлшат облыс орталығындағы Складской көшесі, 8 мекенжайына тиесілі жер учаскесін одан заңсыз тартып алғанын айтқан. Оның сөзінше, бұл "рейдерлік жолмен тартып алу" әрекетінің артында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов тұрған көрінеді. Тағы бір бейнежазбасынан Қарманова қасына блогерлер ертіп әкеліп, Қостанай облысы әкімдігі ғимаратына кіруге тырысқанын және әлгі жер учаскесі мәселесі бойынша Ғауез Нұрмұхамбетовтің қабылдауын талап еткенін көруге болады. 
(Видеодан стоп-кадр)
Бұл жағдай туралы Қостанай қаласы әкімдігінің Жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Динара Тұрсынбаева ақпарат берді.
"Мен Youtube желісіндегі бұл роликтерді көрдім. Қарманова ханым келтірген дәлелдер шындыққа жанаспайды. 2017 жылы Қарманова және 8 кәсіпкер өз павильондарын жеке тұлғаның жер учаскесіне орналастырған. Бірақ, көршілес жер иеленуші "Фарватер" ЖШС Жер ресурстарын басқару комитетіне оларға учаскенің берілу заңдылығын анықтау талабымен шағымданған. Тексеріс нәтижесінде, 2018 жылы сәуірде Комитет жер учаскесін жалға алу келісімшартын қозғауды бұйырды. Сот талқылауы қорытындысы бойынша, жер учаскесін жалға алу келісімшарты заңсыз болып танылды. Қолдарында құқық беруші құжаттардың жоқтығына қарамастан, Қарманова мен қасындағы кәсіпкерлер мемлекет меншігіндегі аталмыш жер учаскесін пайдалануды жалғастыра берген", – деп түсіндіреді Д.Тұрсынбаева.
Оның айтуынша, 2020 жылы "Карманова" ЖК және тағы үш кәсіпкерге қатысты сот талқылауы жүргізілген, оның қорытындысында сот аталған кәсіпкерлерді павильондарын бөлшектеу арқылы осы заң бұзушылықты жоюға мәжбүрлеп көндіріпті."Осы мәліметтерді түйіндей келе, Қарманова алға тартып отырған "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу" әрекеті мүлдем болмағанын сенімді түрде айта аламын. Жер учаскесі мемлекет меншігінде, ол ешкімге берілген жоқ, – деп тәптіштейді бөлім жетекшісі. – Жергілікті атқарушы орган сот орындарының шешімдерін орындайды және заңнама талаптарына сәйкес, орын алған жағдайларды қалыпқа келтіру шараларын қабылдайды. Бұл келіспеушілік жергілікті атқарушы органның қатысуынсыз, тек Қарманова мен үшінші тұлға арасында туындағанын ескеру керек".
Динара Тұрсынбаева айқындап тұрып айтқандай, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов Қостанай қалалық жер комиссиясының мүшесі болмағандықтан, жер учаскелерін әлдебіреуге беру немесе бермеу туралы шешім қабылдауға құзіретті емес, сондықтан оның шағымданушы мен 8 кәсіпкердің құқығын бұзуы қисынға келмейді. Айтқандай, бөлім басшысы Ғауез Торсанұлының моральдық залалды өтеп алу үшін құқық қорғау органдары мен сотқа талап арыз жазғаны туралы мәліметтің шетін шығарды. 
Осы мәселе туралы қалалық әкімдік тарапынан кейінірек міндетті түрде ресми ақпарат беріледі.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓