Жаза – 8,5 жыл
Жітіқарадағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған қылмыскерлер жазасын өтейтін "Қара бүркіт" 161/3 қылмыстық колониясының бұрынғы бастығына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Жітіқарадағы «Қара бүркіт» түрмесі бастығының қамауға алынуына байланысты түсінік берген болатын. Іс деректеріне сүйенсек, 2019 жылдың желтоқсан айында колония бастығы болып тағайындалған А.Әбілов 2020 жылдың 26 тамызында мекеме қызметкері Ж. арқылы 1 млн теңге пара алғаны үшін қамауға алынған. Кейін «Қара бүркіт» бастығының қызметтік кабинетінде заңсыз оқ-дәрі сақтағаны анықталды.
«29 қаңтар күні Жітіқара аудандық сотының үкімімен колонияның бұрынғы басшысы бопсалау жолымен пара алғаны үшін және заңсыз қару-жарақ сақтағаны үшін 8,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот А.Әбіловті әділет подполковнигі шенінен және мемлекеттік қызмет саласында лауазымды міндет атқару құқынан өмір бойы айырды», – делінген облыстық соттың ақпаратында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.