Астарлы әзілмен түйреді
Демалыс күні Рудный қаласының Оқушылар мен жастар сарайында жайдарманның облыстық «Жастар» лигасының жартылай финалы өтті. Оған Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің «Жаңа ғасыр», Қостанай гуманитарлық колледжінің «Сұңқар», Қостанай мемлекеттік университетінің «Ахмет ұрпақтары», Арқалықтан келген «Сарыарқа» мен «Ұландар» командасы қатысып, сәлемдесу және үй тапсырмасы кезеңдерінде тартысқа түсті.
Әзіл кешінде көңілді де тапқыр жастар қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, астарлы әзілмен түйреді. Қағытпа қалжың мен заманға лайық талғам көрсеткен жайдарманшылардың ойыны көрерменнің көңілінен шықты. Бұны әрбір сахналық көріністен кейінгі толассыз жауған шапалақтан аңғардық. Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан «Жастар» лигасының қорытындысы бойынша 4 команда ақтық ойынға жолдама алды. Ал сәл ғана ұпай айырмасымен жүлдеден құр қалған Қостанайлық «Сұңқар» келесі жылы өз бақтарын қайта сынап көрмек.
Қуаныш Сейдоллаұлы