Тірек құрылғысын тарту етті
Амангелді ауданында қайырымдылықпен айналысып жүрген тұрғындардың бірі @amangeldy_komek қорының ұйымдастырушысы Айдана Түкешқызы және Жадыра Қабденқызының себепші болуымен волонтерлар 300 мың көлемінде қаражат жинап, қайырымдылық іс жасады. Олар Б.Қолдасбаев атындағы орта мектептің 1-сынып оқушысы Шыңғыс Бейбітұлына көмек қолын созды. Бұл туралы аудандық "Амангелді арайы" газетінің "Фейсбук" желісіндегі парақшасында жазылды.
Шыңғыс спастикалық диплегия церебралды сал ауруы диагнозымен туған. Белсенділер жеткіншекке вертикализатор құрылғысын сатып алып берді.
«Мен осы уақытқа дейін «Қайырлы жұма» акциясын ұйымдастырып келдім. Бір аптада жиналған қаржыны қасиетті жұма күні аз қамтылған көп балалы отбасыларына азық-түлік, керекті тұрмыстық заттарды жеткізіп отырдым. Қостанай қаласынан Қанат және Саят есімді азаматтар хабарласып: «Біз де осы қайырымдылық жолндамыз. Сіз туралы естіп, біліп жүрміз. Көмекке мұқтаж жандар болса, біз де жәрдем беруге әзірміз», – деді. Бұл сөзден кейін мен көп ойланып, Шыңғысты таңдадым. Ата-анасымен хабарластым. Олар шынымен мұқтаж екенін, сол құрылғыны алғысы келетінін, ала- алмай жүргендерін айтты. Инстаграмдағы парақшам арқылы елден көмек сұрадым. Қанат пен Саятқа да хабарласып отырдым. Аудан тұрғындары мен ерікті жастардың көмегінің арқасында қаражат жиналды. Нұр-Сұлтан қаласынан Шыңғыстың денсаулығына пайдасы өте мол вертикализатор құрылғысын сатып алып бердік», – дейді ұйымдастырушы Айдана Түкешқызы.
Шыңғыстың ата-анасы Бейбіт Мұратбекұлы мен Шакизат Орысбекқызының қайырымды жандарға алғысы шексіз.