Қордаланған мәселелер талқыланды

Рудный қалалық «Алые паруса» мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттік мекеме-ұйым өкілдерімен жүздесті. «Жаңа өмір» мүгедектерді оңалу орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шара еркін сұхбат форматында өтті.
IMG_111111Алдымен орталық жетекшісі, Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі Аслан Дабылов жыл басынан бері он шақты ауданды аралап, ондағы мүгедектердің тұрмыс жағдайымен танысып шыққандығын сөз етті.
– Биыл облыс бойынша 603 мүгедек жұмысқа орналастырылса, соның 44-і Рудный қаласына тиесілі. Қарап отырмай мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отырған жандар да баршылық. Бастысы «талап пен еңбек – бәрін де жеңбек» екенін ұмытпаңыздар, – деді Аслан Жұмағалиұлы.
Басқосуда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат пен кәсіпкерлік бөлімі, зейнетақыны төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, халыққа қызмет көрсету орталығы мен емхана мамандары мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам назарынан тыс қалмайтындығын айтып, өздері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде протездік-ортопедиялық көмекке мұқтаж азаматтарға тегін арнайы коляскалар мен аяқ киімдер, сондай-ақ уақытылы гигиеналық жабдықтар мен санаторийлерге жолдамалар беріледі. Олар үшін әлеуметтік таксилер қарастырылған. Кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге де кедергі жоқ. Алайда қордаланған мәселелер де баршылық. Мысалға жыл сайын санаториялық ем қабылдауға бөлінетін 500 жолдама тым аз. Мүгедектерді тұрғын үймен қамту мен жұмысқа орналастыру мәселесі де ақсап тұр. Біраз мемлекеттік мекемелерде тіпті пандус та қарастырылмағандығы шындық. Осы және өзге де мәселелерді алға тартқан азаматтар тиісті орган өкілдеріне мазалаған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Қонақтар кейбір мәселелердің шешілуі ұзақ уақытты және арнайы заңды талап ететіндігін жасырмады. Шара аяқталған Аслан Дабылов облыс әкімінің кеңесшісі ретінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық қабылдау өткізді.
Қуаныш Есқабыл

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓