Құқықтық мемлекеттің дамуы – азаматтардың сенімінің нығаюы
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде құқықтық мемлекетті дамыту және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керектігін әрі бұл – өте өзекті міндет екенін баса айтты. Мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізу айрықша маңызды. Осы бағыттағы реформалар жүйені байыппен орталықсыздандыруды, мемлекеттік аппаратты жаңғыртуды, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруды және барлық үдерісті цифрландыруды қамтиды.
«Сол арқылы мемлекеттік аппарат барынша ықшам, ашық әрі тиімді, ал, шешім қабылдау үдерісі икемді және айқын болады. Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму мүмкін емес. Бұл – аксиома, ақиқат.
Осы орайда, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайта түсу үшін реформаны соңына дейін жеткізуіміз керек. Мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға және Жоғарғы сот төрағасының тікелей өзі күш салып жатқанына қарамастан, сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар. Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ, сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн. Құқық қорғау органдарының жұмысын да барынша өзгерту қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Осы сөздерден-ақ демократиялық, ашық әрі әділ қоғамға бет бұрудың жолы болары анық. Қазақстан Президенті дәл осы мәселе жөнінде Жолдауында нақты айтқан болатын. Ал азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін енгізіп, қоғамдық қауіпсіздік жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етілетін болса, сыбайлас жемқорлық, сенімсіздік жойылып, адал бәсеке және жеке меншікті қорғау қағидаттарының құқықтық негізі нығая түсері ақиқат.
Несібелі Бәсенова,
Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасының төрайымы.