Кәсіп қолдаса көктейді
Бүгін Мәжілісі жаңадан жасақталған Парламенттің бірінші сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су жаңа депутаттарды сайлаудың аяқталуымен құттықтап, дәйекті өзгерістерге бағытталған жеті басымдықты атап өтті. Соның ішінде, Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау үшін жаңа механизмдер құру керектігін айтып, жаңа заң жобасын қолға алуды ұсынды.
«Өндірістік саясат туралы» заңды қабылдаудың өзектілігі байқалады. Бұл заңның аясы белгілі бір салаға қатысты болмауы тиіс. Онда нақты шаралар, отандық бизнесті қолдау мен ынталандыруға бағытталған механизмдер қарастырылуы тиіс», — деді Президент.
Мемлекет осы уақытқа дейін де кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға үлкен күш салып келді. Мәселен, мен 2016 жылға дейін Рудныйдағы «ССКӨБ» АҚ-да жұмыс істедім. Кейін өзім тұратын Б.Майлин ауданы, Юбилейное ауылында түйе өсіруді қолға алдым. Осы тұста менің бастамамды мемлекет барынша қолдады. Ол үшін алғысым шексіз.
Атам заманнан бері ойсылқара қырық күн шөлге шыдамды, жүк артса – көлік, жесе – ет, ал жүні киімге жараған. Жерде өсетін кез келген шөпті жей береді, біздің суыққа төзімді. Дегенмен түйенің негізгі өнімі – емге шипа шұбат мен етті өткізуде бірқатар мәселелер туындап жатыр. Сұраныс бар болғанымен өндірісті арттыруға мүмкіндік жоқ.
Алайда түйе фермасын ашып, маркетингтік стратегияны жақсылап қолға алсақ, жақсы табыс табуға болады. Бір жағынан, бұл салада өңірімізде бәсекелестік жоқтың қасы.
Биыл еліміздің батыс аймағы мен Ресейге апаратын А-22 трассасының бойында киіз үй тігіп, этномәдени орталық ашу ойым бар. Алайда ол үшін жер мен тағы да мемлекеттік қолдау қажет. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткен жаңа заң бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін қарастырып, біз сияқты жеке кәсіпкерлерге нақты пайдасын тигізеді деген сенімдемін. Президенті айтарын айтты, ендігі үміт – жаңа министрлер кабинеті мен парламент депутаттарында.
Алмат Нұрмаханов,
жеке кәсіпкер, түйекеш,
Б.Майлин ауданы