Қалдырған ізің мәңгілік…

Отставкадағы подполковник, белгілі қаламгер Ғалихан Мәулетов ағамыздың  жаңа кітабы жарыққа шықты. Ол Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Қалдырған ізің мәңгілік…» деп аталады. Бұл жинаққа Ұлы Отан соғысы жылдарында отан үшін от кешкен жауынгерлерімізбен қатар Ұлы жеңісті өздерінің ерен еңбектерімен  жақындатқан «Тыл еңбеккерлері» туралы автордың республикалық, облыстық газет-журналдарда жарық көрген еңбектері енген. Бұл еңбек автордың көп жылғы ізденісінің, архивтерді ақтарып, көз майын тауысып, сарғая отырып, жалықпай жинай білген төзімділігінің жемісі.
IMG-20200418-WA0036
«Мұқабаның бірінші бетіне мұқият зер салсаңыз әкем Нұржанның менің атыма Украина майданында окопта отырып жазған соңғы хатын салдым. Ал кітапқа марқұм әкем туралы деректер келтірдім. Осы кітабымдағы «Жат жерде жерленген нағашым» атты әңгімеде Сталинград түбінде қайтыс болған Нұрғалиев Уәли туралы да деректер бар. Біздер жанұямызбен, Бақыткүл жеңгемізбен Мамаев қорғанына барып, топырақ салған едік. Ол кісіден артында қалған ұрпақ жоқ. Елде ас беріп, анасының бейітіне сол жерден топырақ әкеліп салдық» дейді кітап авторы Ғалихан ағамыз.
Кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Отан үшін от кешкендер» деп аталады. Онда жерлестеріміз – батыр Естай Есжанов, Сұлтан Баймағанбетов, Қажи Маманов, Қазбек Әлжапаров, сияқты майдангерлеріміз туралы жазылған. Сонымен қатар осы еңбекте Қостанай жерінде автормен кездейсоқ кездесіп, бір тәулік жанында жүрген аңыз адам Талғат Бегелдинов туралы да «Аңызбен кездесу» деген әңгіме бар.
Екінші бөлім – «Ерен еңбек ерлері» деп аталады. Мұнда өздерінің ерен еңбектерімен жеңісті жақындатқан «Тыл еңбеккерлері» туралы айтылған.
Үшінші бөлім – «Ой өрнектері» деп аталады. Мұнда автордың өмірге деген көзқарастары, ой толғамдары топтастырылған. Кітап «Қарлығаш» баспаханасынан шыққан.
Ғалихан Мәулетовтің бұл бірінші кітабы емес. Ол бернеше деректі кітаптардың, көлемді ғылыми, публицистикалық еңбектердің және де қазақ тілінде криминалистика саласына арналған оқулықтардың авторы ретінде жақсы танымал. Ол ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Құрметті ардагері», А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің «Құрметті қызметкері», облыстық «Қазына» сыйлығының лауреаты, «Тыл еңбеккері».
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
  

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓