Бейнекамералар арқылы бақыланады
Рудный қаласында жергілікті билік 13 бейнекамера орнатуға қазынадан 21 млн 700 мың теңге жұмсаған. Бұл құрылғылар қоқыс контейнерлері тұрған маңайды бақылау үшін қойылды. Жалпы, қала басшылығы соңғы 15 жыл бойы шаһарда қоқыс төгу мәдениетін қалыптастыра алмай әлек. Мәселен, бейнекамералар арқылы қоқысты тұрғындар дұрыс төкпей ме, әлде қоқыс жинайтын компаниялар уақытылы тазаламай ма соны анықтайтын болады. Бір камера үшін қала әкімдігі бір жарым млн теңгеге жуық ақша шығындаған. Бұл құрылғы арқылы адамның бет-әлпеті мен көліктің мемлекеттік номері дейін көрінуі тиіс.
«Келісім-шарт бойынша бұл қаржыға камерадан бөлек, оптикалық байланыс желісін орнату, камералардың жазба жүргізуге арналған бағдарламалары мен бейне жазбаны екі айға сақтайтын жадысы да сатып алынды»,-дейді қалалық әкімдіктің ТКШ бөлімінің мамандары.
Рудныйда қоқыс жинаумен екі кәсіпорын айналысады. Алайда, нәтижесі көңіл көншітпейді. Қысы-жазы контейнерлердің айналасы қоқысқа толы. Он бес жылдан бері кәсіпорын мен тұрғындар бірін-бірі айыптаумен әлек. Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, қоқыс контейнерлерін бейнебақылауға алу жұмыстары одан әрі жалғаса бермек.