Құқық бұзушылықтар байқалған жоқ
ҚР Парламенті Мәжілісінің және маслихаттар депутаттарының биылғы жылғы сайлауы бірқатар ерекшеліктерге сәйкес өтуде. Әлемдік пандемияға байланысты өңірдегі әрбір сайлау учаскесінде санитарлық талаптар мен әлеуметтік ара қашықтық қатаң сақталуда. Қостанай облысындағы саяси науқанның әділ де ашық өтуіне дәл қазіргі уақытта бейпартиялық байқаушылар үлес қосуда.
Қостанай облысындағы бейпартиялық байқаушылар орталығының жетекшісі Болат Қалиевтің айтуынша, сайлау науқанына және халықаралық сайлауды бейпартиялық байқау Хартиясына сәйкес республикамызда дәл осындай орталық құрылған. Біздің облысымызда да осы орталық өз жұмысын жүргізуде. Осы сайлауға жеті жүзден астам байқаушыны дайындап шыққан. Барлық байқаушылар методикалық, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етіліп, заңнамалық тұрғысынан арнайы консультация алған.
– Сайлау күніне дейін біздің барлық байқаушыларымыз өздерінің белгіленген учаскелеріне орналасты. Қазіргі уақытта ешқандай құқық бұзушылықтар байқалған жоқ, тіркелген жоқ. Бұл сайлаудың еліміз үшін маңыздылығы зор. Дәл қазір учаскелерде байқаушыларға да, комиссия мүшелеріне де, сайлаушыларға да барлық жағдайлар жасалған. Сайлау процесі жоғары деңгейде өтуде,-деді Қостанай облысындағы сайлауды бейпартиялық байқау орталығының жетекшісі Болат Қалиев.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков.