Көше жарнамасына көңіліңіз тола ма?

IMG_8489Қостанай қаласындағы көше жарнамаларының мемлекеттік тілдегі жазуларына қарап, еріксіз құлазисыз. Себебі, ондағы кездесетін қателер тіл мамандарының ғана емес, тілге жанашыр барша қауымның сынына сан мәрте ұшырап жатса да, бір нәтиже шығарған кезін көрмедік.
 Керісінше, мемлекеттік тілде жазылған жарымжан жарнамалардағы бір ауыз сөйлемнен тұнып тұрған қателерді қаланың әр түкпірінен кездестіруге болады. Сәні келіскен жарнамалар көзіңізге оғаш көрінсе де, амал жоқ, байқамаған кейіпте кете бересіз. Себебі, олар шағын кәсіпкерлік нысандарына жатады. Қазіргі таңда бұл нысандардың құқығы жан-жақты қорғалған. Сондықтан, сын айтуға барған адамның өзінің басы дауға қалуы ғажап емес. Мұндай жағдай Қостанай шаһарында бірнеше рет орын алды. Тіптен ғимараттың маңдайшасындағы жазуда қате барын ескертпек болған облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлерін полиция бірнеше сағатқа қамап қойған кездерді де кездескен.
  Осыны ескерген  "Нұр Отан" партиясының "Жас Отан"  жастар қанаты мен облыстық  тілдерді дамыту бас-қармасының ономастикалық жұмыс бөлімі бірлесе отырып "Тілге құрмет – елге  құрмет" деп аталатын акция ұйымдастырды.
Облыс орталығының әрбір шағын аудандарында  орналасқан ірі сауда үйлері мен қоғамдық орындарда өткен шараға жұртшылық барынша қолдау білдірді. Акция барысында жас-отандықтар шаһардағы сәні келіскен сауда үйлері мен дәулеті шалқыған мейрамханалар, қала берді шағын шеберханалардың сыртындағы мүгедек маңдайшалар мен жарымжан жарнамалармен қалай күресудің жолын түсіндіріп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Бұл өте құптарлық іс.
IMG_8541Себебі, тілдерді дамыту  бас-қармасының мамандары қаламыздың бір шетіндегі қате жарнамалар мен маңдайшаларды жөндеп жатса, екінші жағынан жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қазақшасы жоқ, болмаса шала қазақ жарнамалар қайта шығады. Әттеген-айы, мемлекеттік тілге қырын қарағандарды бірден жазалап, оларға сол арада айыппұл салатындай оларға құқық берілмеген. Осы басқармаға жоғарыда аталған құқық берілсе, мемлекеттік тілге қайшы келетін жарнама иелеріне айыппұл салып, жазалап отырар еді. Сонда әр кәсіпкер "өз нысаныма қай тілде, не жазсам да өзім білемін" деп еркінсімейді. Ойланар еді. Соның нәтижесінде аяғыңды аттап бассаң сүрінетін қала көшелеріндегі жарымжан жарнамалар да бір ретке келер еді.
Ең қызығы, осындай қателерді қаладағы мемлекеттік мекемелердің атаулары жазылған маңдайшасынан да көруге болады. Қостанай қалалық төтенше жағдайлар басқармасында "төтенше жағдайлар" деген сөз "Жаәдайлар" деп біраз уақыт тұрып, сынға іліккенде барып дұрыстаған болатын. Ал былтыр облыс орталығында жаңадан ашылған №4 емханада "дәрігер-мамандарды қабылдау", "терапевтерді қабылдау", "гинекологты қабылдау", "бетше қабатты" деген жазуларды көріп, қайран қалған едік. Өйткені, ол жерге барған науқастар жоғарыда   аталған дәрігерлер оларды емес, керісінше олардың өз-дерін қабылдай ма деп қалатыны белгілі.
–  Жалпы алғанда, облыс орталығындағы жарнама агенттіктерінде сауатты аудармашылар жоқтың қасы. Сондықтан, қателер әр қадам сайын кездеседі. Оның үстіне осы агенттіктерде аудармашы қызметімен дизайнерлер айналысады. Олар болса мемлекеттік тілді мүлдем білмейді. Осыдан барып, қазақ тіліндегі жазуларда қате көп кетеді, – дейді Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Жарасқан Нау-рызбаев.
   Осы орайда мемлекеттік тілге қатысты ауқымды жұмыстардың бәрін тек облыстық тілдерді дамыту басқармасына бағыттап қойып, басқамыз қарап отырғанымыз дұрыс емес. Ана тіліміз ұлттық құндылықтарымыздың алтын діңгегі екенін ескерсек, онда бұл жерде баршамыздың мүддеміз жатқанын ұмытпаған абзал.
Мешіт Ғазиз.
СУРЕТТЕ: акциядан көрініс.
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓