Этнографиялық экспедиция – Қостанайда
«Менің елім Мәңгілік Ел: Каспийден Алтайға дейін» этнографиялық экспедициясы мүшелері Қостанайға келіп жетті. Осыдан бір ай бұрын Елбасы Маңғыстау өңіріндегі сапарында этнографиялық авто-экспедициясын жолға аттандырған болатын. Елдің туристік әлеуетін дамытуда осындай бастаманың маңызды екендігі сөзсіз. Екі айға созылатын сапар барысында өңірлердің білім, мәдениет, туризм және экономикалық ахуалын айшықтайтын шаралар өткізіледі.
Маңғыстау өңірінен басталған сапар құрамында этнографтар, еріктілер, журналистер бар. Олар отандық автокөліктермен қазақстандық жастарды ортақ мүддеге біріктіріп, 45 күн ішінде еліміздің барлық өңірлерін аралап шығады. Оның қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларында Мемлекет басшысының қатысуымен арнайы шара ұйымдастыру жоспарланып отыр.
-Экспедициямыздың мақсаты – Елбасының Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы тапсырмалар мен мақсаттарды насихаттау. Елдің әр аймағынан фото мен бейнематериалдар жинап жүрміз. Ол еліміз туралы фотокітап пен фильмдерге енеді. Қазақстанның тыныс-тіршілігін, көпұлтты республиканың негізін көрсеткіміз келеді,- деді экспедиция жетекшісі Евгений Рибалко облыс әкімінің орынбасары М.Дәрібаевпен кездесуде.
Шамамен екі айдың ішінде Қазақстанда құрастырылған бес көлік еліміздің барлық аймағы аумағында жүріп өтеді.
Шұға Қоңқабай
Суретті түсірген Айбек Жүзбай