Неге?

"Әр нәрсенің өлшеуі бар,  өлшеуінен асса…"
                                                 Абай Құнанбаев.
 
Ұлыбритания корольдігінің бұрынғы ханшайымы Диана жол апатынан опат болғанда, жер жүзіндегі  католик дініндегі миллиондаған адамдар қайғыдан қара жамылып, балауыз шамын жағып, гүл шоқтарын қойып аза тұтқанын теледидар арқылы көргенімде  таң қалдым. Ал, Ватикан папасы Бенедикт денсаулығына байланысты өзінің тағынан түсіп, оның орнына  Франциск келгенде де сол діндегілер алаңға сан мыңдап жиналып, жаңа Папаның орынтаққа отырғанына қуаныштан бөріктерін аспанға атқанына тағы да таңырқадым.
рухТіпті, орыс православтарының көсемі Патриарх Алексий о дүниелік болғанда да, олардың күңіренгенін көргенде еріксіз ойға кетеді екенсің. Былтыр, көршілес Ресейде, Краснодар және биыл Сібір аймақтарында су тасқынының астында қалған елді мекендерге көмектесу үшін телевизиялық шоу ұйымдастырған Ресейдің белді әртістерінің әрекеттері және "Поиск" топтарындағы волонтер жастардың оң істері көзіңнен жас шығарар күйге түсіреді. Олар ғана  өз елдерінің нағыз патриоттары ма, сонда біз кімбіз? Сондай адамилықтан біз неге құр алақанбыз деген сұрақтар кейде мазалайтынын қайтерсің.  Неге?
Алысқа бармай-ақ,жақын-жуық немесе тамыр-таныстардың біреуі шетінеп (ылайым жылда бәрімізде аман болайық, бірақ Аллаһтың ісіне шараң бар ма),намазына немесе тағы да басқа еске алу шараларына бара қалғанның өзінде, католиктер мен православтар сияқты балауыз жағып, гүл шоқтарын қоймақ түгілі, бір-бірімізге әзіл-қалжың айтып, бақилық болған азаматқа салауат айтудың орнына қай-қайдағыны еске алып, тіпті сұрықсыз әңгімелердің басын шаламыз. Осындайда еріксіз ойға кетесің, біздің рухымыз бен ұстанымымыз жоғарыда айтылған дінді ұстаған азаматтардан көп төмен-ау деп.  Ал, кеуде соққанда алдымызға жан салмаймыз. Өз руымыздан шыққан баһадүрлер мен ақылгөйлердің істеген істері мен ерліктерін айтқанда, тыңдаған адамның аузының суын құрғатамыз,бірақ олардан не өнеге мен сабақ алдық? Тарихқа үңіліп, өткеннен ғибрат алғанымыз дұрыс та шығар, бірақ сол қасиетті өз бойымыздан тауып, балаларымыз бен келешек ұрпаққа өзіміз өнеге көрсетсек артық болмасы анық. Мәселе осында ғой. Өзімізге не болмаса ұрпағымызға не қалдырып барамыз? Табалдырығымызды, бүгін емес, кеше аттап кеткен жаһандану заманында, аталар салып кеткен жолымен тура жүре аламыз ба, әлде жоқ па?  Еріксіз ойға шомыласың. Төбе шашың тік тұрады, ұйқыңнан шошып оянасың. Неге?
Кеше ғана коммунистік партия-ның шекпенінен шыққан біздер, осыдан отыз жылдай бұрын пар-тия көсемдері бірінен соң бірі ба-қилыққа аттанғанда, қабырға-мыздың қайыспағаны да белгілі, тек  жиналыстар өткізіп, партия туының астына бір кісідей топтасамыз  деп  көлгірсігеніміз әлі есімде. Қолымыздан келгені, алақанымызды ысқылап, Саяси бю-ро мүшелерінің ішіндегі кімнің, жерлеу рәсімінің төрағасы болатынын ас үйде отырып-ап бал ашатынбыз. Болашағымыз бен әлеуметтік ахуалымыздың түзелуін  жаңа "көсеммен" тікелей байланыстырып, ертеңге үмітпен қарайтынбыз. Ой, заман-ай десеңші! Әрине, ол уақыттың жақсы жағы да болғанын жоққа шығара алмаймыз, бірақ жоғарыда айтып кеткен, өз тарапымыздан жіберілетін келеңсіздіктер сол Кеңес дәуірінің идеологиясының сарқыны мен салқыны екені дау-сыз және ақиқат. Ал, бұл кеселден арылу үшін не істеу керек?  Шығар жол бар ма? Имандылыққа қалай қол жеткіземіз? Осы тұрғыда  орталық және жергілікті басылымдарда жазылып, радио мен теледидарда көрсетіліп жатқан тәлімдік-танымдық хабарлар аз емес, тек оларды еститін құлақ пен көретін көз болса. Болғанның өзінде, шығар қорытынды қандай? Сол баяғы  қолмен ұстап, көзбен көрген  формалды тәр-бие қанымызға  бойлап сіңіп, тоң боп қатып, жібір емес. Ұлттық құндылықтардың құны арзандауға жақын екенін біле тұрсақ та, сол баяғы сүрлеу жолдан шыға алмай келе жатқанымыз шындық. Отаншылдық сезім әлі де қалыптасып болмаған екен-ау деген сұрақтар ойыңа еріксіз келеді. Не істеу керек? Тоғышарлық әдеттен арылу үшін қандай іс-шара жасау туралы маңдайы кере қарыс  ғұлама  ағаларымыз  айтқан  және жазған ақылдары жетіп артылады, бірақ өткеннен мирас болып жабысып, асқынған қоғамдық дерттің емін табу оңайға соқ-пай тұрғаны рас. Күні ертең, ұлттық салт-дәстүрлер  мерекелік думандарда және театрларда ғана көрсетілетін сахналық көрініс болып қалмасына кім кепіл? Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың өткен ғасырдың басында айтып кеткен "Қазақтың дінінен кейінгі күшті құралы салт-дәстүрі" деген өсиетін ұмытқандаймыз. Неге?
Әрине кепілдік береміз, егер біздің рухани байлығымыз бен мәдениеттілігіміз жоғары болса ғана. "Қаншаға аласың?", "Қаншаға бересің?" деген нарық заңдылығының көлеңкесінде бой тасалаған рухани және мәдени босқұрсақтық бізді жалпыға ортақ керенаулыққа әкеліп соқ-тырғанын мойындауымыз керек. Бізді қоршаған ортада кішіпейіл және қарапайым болу әсте жараспайтын уақыт келгенін байқа-май да қалған сияқтымыз. Орыстың "Простота хуже преступления" деген нақылы бүгінгі тіршіліктің айнасы іспеттес. "Кеудемсоқтар" мен жылпостардың асықтары алшысынан түсіп тұр. Ертеректе, үлкен кісілер  мен көпті көрген ақылгөй даналардың, ал оның бері жағында ғалымдар мен оқымыстылардың айтқан ақылы мен тұжырымдамаларын өнеге тұтатын уақыттар болғаны есімізде. Үлкендердің жастарға көрсеткен өнегесін өмір бойы есіне сақтап, өзінің ұрпағын сол рухта тәрбиелегенін де білеміз. Ал, бүгін ше? Ақылды тыңдап жатқан кім бар? Американдықтар айтқандай "Ақылды болсаң, неге кедейсің?" деген сұрақты өзіңе тура қоя салады. Көшеде келе жатып әбестік жасаған адамға ақыл айтып көріңізші, көзіңіз көгермегенімен жағаңның жыртылуы әбден мүмкін. Осыдан отыз-қырық жыл бұрын кез келген қарт саған ақылын айтатын. Айтқан ақылдан жігіт бойын түзесе, ал қызға "қырық үйден тыю" болатын. Неге?
Тәуелсіздіктің арқасында және қоғамдық формацияның ауысуы-на байланысты көп азамат еңбе-гінің, ал кейбіреулері ептілігінің арқасында өзінің тұрмыстық жағдайын түзетіп алғанын біліп те, көріп те жүрміз. Олармен мақтанамыз, балаларымызға үлгі тұтамыз. Заман талабы – әрбір азамат пен жанұя әл-ауқатының жақсаруы үшін аянбай еңбек етуі керек. Қазір оған толық мүмкіндік бар. Бай болу – кемшілік емес. Бай адамдар көбейген сайын елі-міздің де жағдайы жақсара түс-пек, ол заңды үрдіс. Тек, ойланатын жәйт, адам байыған сайын оның рухани байлығы мен мәдениеттілігінің прогрессивті түрде жоғарылауында ғой. Ал, бүгінгі таңда "қарабайлар мен плюшкиндердің" көбейіп кеткеніне және олардың рухани байлығы мен мәдениеттілігіне күмәнмен қараймыз. Отаншыл азаматтар аз. Неге?
Жақында  "Арқалық-Астана" бағытындағы пойызда жолсерік жас жігіт (сірә, сырт жақтыкі) маған "Арқалықтың болашағы мол екен, бірақ көп қабатты үйлердің кез келген кіреберісіне кірсеңіз, қалаңыздан қашқандай боласың" дегенде, оған не айтарымды білмедім. Кіреберісті таза ұстау, "тау қопарып, тас қазатын" шаруа емес, бірақ сол жалпыға бірдей селқостық пен бейтараптық біздің мойнымызды ешқайда бұрғызбайды, еңкеюге арланамыз, көршімізге ескертпе жасауға ұяламыз. Сөйтіп, қоқысқа толы, лас кіреберіске көзіміз үйреніп кеткенін де байқамаймыз. Көшеде келе жатып түкіреміз, қақырамыз, шайнаған сағызымызды және тартқан темекіміздің тұқылын лақтырамыз. Тіпті, алысқа ұзамай-ақ, қала көшелерінің бойынан, қаулап өскен арам шөптерден  гербарий жинауға болады. Сонда, бұл қала кімдікі? Ал, Арқалық-Торғай өңірінің рухани астанасы деп кергігенде,  "Арайлы Арқалығым…", "Торғайда туғаныма мақтанамын…" деп тамағымызды кенеп ән шырқағанда ешкімге дес бермейміз. Неге?
Жауапсыз сұрақ көп,бірақ оның шешімін табу – маған, саған және Сіздерге тығыз байланысты екені хақ. "Көш жүре түзеледі" демеуші ме еді халқымыз, әлі-ақ түзеліп кетерміз. Тек, кеш қалмайықшы. Ғасырлар бойы жинақталған рухани байлығымыздың ортаймауы үшін атсалысайық! Болашаққа сеніммен қарайық.
Қонысбай Ағуанов,
Арқалық қаласының тұрғыны.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓