Ашынған ағайын араша сұрайды

Қазақтың ұлан-ғайыр жерінен мал өрісіне шөкімдей жер бұйырмады деген не сұмдық!  Онсыз да солақай саясаттың кесірінен тың игеру жылдары ауыл- ауылдың іргесіне дейін жыртылып кеткен жоқ па?! Өкінішке қарай, ұлтарақтай жер үшін жаға жыртысқандар әлі айылын жимай отыр.  Сарыкөл ауданындағы «Маяк» ауылы тұрғындарының мазасын қашырған міне, осы жәйт.
мал70-ке тарта ауыл тұрғыны қол қойған шағым даулы мәселеге араласуымызды өтініп, редакцияға үшбу шағым жолдапты. Марат Біржақбаев бастаған ауыл азаматтарының ашу-ызасын тудырған жайылым мәселесі ұсақ-түйек іс емес. Сондықтан бұған көз жұмып қарауға әсте болмайды.
       2005 жылдан бері ауылдың еншісіндегі мал өрісі тұрғындардың рұқсатынсыз бөгде біреулердің қолына өтіп кетіпті.  Ал он жылдан бері жайылымдық жерлерінен айырылып, малын қайда апарып жаярын білмей жүрген жергілікті тұрғындардың жан айқайын атқарушы билік біліп отырса да, білмеген сыңай танытатын тәрізді.
Ауыл тұрғындарының шағымында көрсетілгендей, «Маяк» ауылының меншігінде 250 жылқы, 300-дей қара мал және жекеменшіктің үш отар қойы бар көрінеді ( әрқайсысында 500 қой-ешкі бар).  Және осыншама мал жайылатын жер жыл озған сайын қусырылып барады.
 «Жайылымның жоқтығынан мал біткен ауыл ішінде өріп жүр. Жылқы мен сиыр болса  қоқыс төгетін орында немесе қираған мал қораларының маңында жайылады. Мал суаратын жер де жоқ. Түлік біткен көтерем, арық-тұрақ. Өйткені, маңайдың бәрі егістік алқабына айналып кеткен. Осыны көре отырып, үндемей қалуға дәтіміз шыдар емес,-деп жазады қарапайым ауыл адамдары.
-Кейбір пысықайлар «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жайылымдық жер алғанмен, оны тиісті мақсатқа жұмсап отырған жоқ. Белгілі бір жер телімі қолдарына өткеннен кейін, оны жыртып, егін себеді. Қыстың күні  жылқылар Безымяновка ауылының аумағында бағылған. Енді ол жерді де бәз – біреулер егістікке айналдырмақшы.
 «Малым-жанымның садағасы» деп өскен қазақ үшін бұдан асқан қорлық жоқ шығар,сірә! Сондықтан, қолынан келгенше, қонышынан басқандармен жағаласа-жағаласа, төзімдері таусылған ауыл тұрғындары  амалсыз біздің редакциямызға жүгініпті. Егер іс одан әрі насырға шабар болса, онда  Астанадағы құзырлы органдарға хат жолдаймыз»  деп шырылдайды «Маяк» ауылының азаматтары. Елбасының өзі мал шаруашылығын дамытуға пәрмен беріп отырған кезде кейбіреулердің бөгденің мүлкіне көз алартып, жөнсіз килігуі заңға қайшы. Аудан басшылары бұған тиісті мән беріп, мәселенің оң шешілуіне ықпал етеді деп үміттенеміз.
     
Айбек Кәдірұлы

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓