Сандалған сауал

Оллахи-биллахи қияли емеспін. Бірақ адамдардың ортасында, адамдармен бірге өмір сүруден әбден жалықтым. Турасын айтқанда адам болып өмір сүрудің өзі қиындап кетті ғой. Сондықтан да жапан түзде-айдалада  баяғы Робинзон Крузо сияқты адам аяғы баспаған табиғаты тамаша, климаты жұмсақ бір аралда жападан-жалғыз  жалаңбұт өмір сүргім келеді.
Оллахи-биллахи қияли емеспін. Бірақ имандай шыным, адам болып жүруден де әбден жалықтым. Адам деген "иттің" арман-мүддесі өмірі таусылмайды ғой, таусылмайды. Анау керек, мынау керек, анаған қызығасың, мынаған қызығасың. Және көзің өміріңде бір тоймайды ғой, тоймайды. Ала берсем, жей берсем, байи берсем… Осылай да өмір сүруге бола ма? Менің  аралға барғанда алдыма қоятын ал-   ғашқы мақсатым – жабайы адамға айналу, түпкі мақсат-баяғы "ата-тегіміз" маймыл болу. Бұл екеуі де ананы ойлап, мынаны ойлап еш бас қатырмайды. Жолында кездескенін жеп жүре береді. Қандай рахат!
Құрметті "Быды-быды!", сіздің көріпкелдігіңіз бар дейді ғой. Менің маймылға айналғаныма қалай қарайсыз?  Болашағым қандай болмақ?
 Айдаладағы аралға мені кім апарып тастар екен? Өзіңіз спонсор болсаңыз қайтеді?                                                                                                
       Құрметпен болашақтағы Маймылбай.
* * * * * * * * * * * * * * * * * * * * * *
Құрметті Майеке! Қарғанбасаңыз да сіздің қияли емес екендігіңізге
күмәнсіз сенеміз. Арманыңыз асқақ, мақсатыңыз айқын екен. Расында да адамдармен өмір сүру, адам болып өмір сүру өте қиындап барады ғой. Толып жатқан проблема. Киім керек, бұйым керек. Тамақ дегенің  күн сайын қымбаттап барады. Ет те қымбат, сүт те қымбат. Арзандатпақ болып жәрмеңке дегенді ойлап тауып еді. Апыр-ай, онда барсаң құртша құжынаған халық. Жұмыртқа деген "жүгірмектің" кезегінде тұрғандардың шет-шегі көрінбейді. Адам дегеннің де "ғашық" болмайтын нәрсесі жоқ-ау. Әйтпесе, соған бола сағаттап кезекте тұра ма? Таласып, бір-бірімен қырылысып жатқаны.
Міне, сіз ақылыңыздың артықтығы арқасында осынша толып жатқан проблемадан құтылғалы отырсыз. Аралда өсіп тұрған дайын жеміс-жидекті ақысыз-пұлсыз жеп жүре бересіз. Ешкім де күндемейді, күндемеген соң үндемейді. Дамбал да керегі жоқ, шалбар да керегі жоқ. Қандай рахат!
Құрметті Майеке! Болашағыңыз өте жарқын. Тіпті сізге өзім де қызығып тұрған сияқтымын. Өйткені онда бәрі тегін ғой. Ал мұнда бәрі қымбат. Тезірек маймылға айналуыңызға тілектеспін. Баратын аралыңызды, демеушіңізді қарастырып жатырмыз. Күте тұрыңыз.
               Құрметпен, "Быды-быды".
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓