Бажалар айтысы
("Сахнада" – "қамыстылық Мәлеке" мен "әулиекөлдік Әлеке")
Мәлеке:
Әлеке-ау, амансың ба, қара пұшық,
Жүрсің бе, баяғыдай арақ ішіп.
Басыңды сөзбенен бір тырналайын,
Отыр ғой бүгін саған тілім қышып.
Әлеке:
Мәлеке, аманбыз ғой қыли-соқыр,
Қышыса болар сенің тілің қотыр.
Басымды тырна деген кім бар саған,
Тиіспей тектен-текке жайыңа отыр.
Мәлеке:
Жолдары Қамыстының ойдым-ойдым,
Өткен қыс соғымға мен сиыр сойдым.
Қу пұшық көптен бері келмедің ғой,
Сирағын сен жесін деп сақтап қойдым.
Әлеке:
Бізде де Диевке жол ойдым-ойдым,
Өлгенше ішіп, араққа әбден тойдым.
Құлағыма келеді айдаладан,
Маңыраған дауысы құнан қойдың.
Мәлеке:
Әлеке-ау, тағы не деп сандаласың,
Қойды айтып қайдағы бір таңданасың.
Маңырап жүрген сенің жының шығар,
Бестаудан халқың кетіп, қалмағасын.
Әлеке:
Қара ешкі қарны ашып, түңіліп тұр,
Жем іздеп бос астауға үңіліп тұр.
"Танауы" бұл нарықтан тас-талқан боп,
Тірсегің тірсегінен ілініп тұр.
Мәлеке:
Бұқасы Москалевтың асыл екен,
Қарасам аспан бүгін ашық екен.
Білесің бе, ау, пұшық, білмейсің бе,
Аспанда Ай қара жерге ғашық екен.
Әлеке:
Көп сөйлеп, лағып кетсек болар айып,
Айтысты осыменен доғарайық.
Халық берер бағасын сөзіміздің,
Тезірек «сахнадан» жоғалайық.
Құрметті облыстағы "бажалар!" Сонымен «бажалар» айтысын бастадық. Араларыңызда аудандар мен қалалар атынан айтысқа шығатын "бажалар" болса, "Быды-быдының" есігі ашық.