Аудан қарттары құрметке бөленді

аудан қарттары құрметке бөленді...Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету адамшылықтың ең жоғары  қасиеттерінің бірі болып саналады. Қай халықтың  болмасын түпкі тамырында  үлкенді сыйлап, құрмет көрсету тереңде жатыр. Сол бір тамаша дәстүр бүгінде өз жалғасын тапты.
1 қазан – "Халықаралық қарттар күні" аудан орталығындағы "Марғұлан" шатханасында мерекеге арнап жайылған дастархан басында ардагерлеріміз сый-құрметке бөленіп, бір-бірімен қуана көрісіп, бір жасап қалды. Оның жоғары дәрежеде өтуіне мұрындық болған аудандық ардагерлер кеңесі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен "Сенім – Вера" Жанкелдин ауданы мүгедектерінің   қоғамдық бірлестігі. Сонымен қатар "Кеңес" шаруа қожалығының жетекшісі Т.Мырзағалиев пен Ч.Батыров өз тараптарынан демеушілік жасап, жомарттық танытты.
Аудан әкімі А.Кенжеғарин қазыналы қарттарымызды  аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың атынан төл мерекелерімен құттықтап, ол кісілердің еңбек жолдары бір-бір том кітап болатындығын тілге тиек етіп, жас ұрпаққа мың жылдық үлгі боларлық істерін алға тартып, әлі де болса кейінгі буын өкілдеріне ақыл кеңестеріңізді беріп, еліміздің өркендеуіне аянбай еңбектеріңізді қоса беріңіздер деп, аудан экономикасының өсуіне үлес қосып жүрген қарияларымыз Б.Қалиевті, Ч.Батыровты, Ә.Есетовті аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Бірмағанбетов:
– Сіздердің осылай бір дастархан басында әңгіме дүкен құрып, арқа-жарқа болып, жүздері-ңізге қуаныш ұялағанда біз өзімізді бақытты сезінеміз. Сондықтан жыл сайын өтетін мерекелерде ғана емес, күн сайын құрмет көрсетіп отырсақ артықшылығы болмайды. Себебі, сіздер кешегі қиын-қыстау заманда тынымсыз еңбек етіп, бүгінгі өскелең ұрпақтың бейбіт өмір сүруіне себепші болдыңыздар, – деп ойын түйіндеді.
Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінің әншілері мерекелік ән-шашуларын тарту етті. Әр жылы дәстүрлі түрде өткізілетін шара бұл күні де қарттардың жүзіне қуаныш сыйлады.
Осылайша қарттар қоғамдағы айрықша орнын сезініп, разы болып тарасты.
  Байбатыр АХМЕТБЕКОВ.
СУРЕТТЕ: Торғайдағы қарттар мерекесінен көрініс.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓