«Ауылым менің – АЛТЫН ДАЛА» дейді еңбек ардагері Төленді Мамраимов
"Алтын дала" – Қостанайдың іргесіндегі шағын ғана қазақ ауылы. Осы құт мекенде Ұлы Отан соғысының отты жылдары дүние есігін ашқан Төленді де бүгіндер ақсақалдық жасқа жеткен, өзінің төрт ұл, төрт қызынан 16 немере, 2 шөбере сүйіп отырған ардақты әке, абзал ата.
Орта мектепті осы Қостанайдағы негізін Ыбырай атамыз қалаған алтын ұяда бітіріп, өз ұстазы, математикадан сабақ берген Қапаш Шуақаев ағасының ақылымен Қостанай құрылыс техникумына түсіп, оны ойдағыдай бітіреді. Ол кезде ұлағатты ұстаз осы оқу орны директорының орынбасары болатын.
Қолына диплом алған жас маман еңбек жолын Аманкелді ауданы "Коммунизм жолы" кеңшарында құрылыс шебері болып бастады. Осы жерде ол 1974 жылға дейін өнімді еңбек етіп, талай құрылыс салды.
1974 жылдан Жанкелдин ауданы "Юбилейный" кеңшарында прораб болып, өзінің қалап алған мамандығы бойынша еңбек етті. Ал 1985 жылдан 1999 жылға дейін "Бестау" кеңшарында құрылыс тізгінін қолға алды.
Төкеңнің еңбек еткен сол шаруашылықтарында оның қал-дырған ізі сайрап жатыр. Талай құрылыстар салып, ел игілігіне берді, талай отбасы жаңа қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенелді. Солардан алғыс алған ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң Қостанайдың іргесіндегі Кировка ауылына көшіп келіп, ұл-қыздарының ортасында еңбегінің зейнетін көріп, бейқуат өмір кешіп жатыр.
Әттең, Құдай қосқан қосағы Аманқос жеңгеміз бұдан жеті жыл бұрын дүниеден өткен еді. Дегенмен өркен жайған ұрпағы әке, ата Төкеңді алақанға салып, аялап отыр. Ол Ерік атты баласымен бірге тұрады, қолдағы келіні мен немерелері үлкен әулеттің басшысы Төкеңе жан теңгермейді, осы ауылда тұратын Серігі мен Қайраты да, бас-қа жерде тұратын балалары да әке үйіне жиі келеді. Кейде олар бәрі қосылып, әкенің туған ауылы – "Алтын даладағы" ағайындарға асығады. Өйткені әкені де, балаларды да, кішкене немере-шөберелерді де атамекен – туған топырақ тартып тұрады. Төленді ағамыз үнемі "Ауылым менің – Алтын дала" дейді мақтаныш сезіммен.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ
Суретте: Төленді Мамраимов.