Ата мектеп

Ибраһим АҒЫТАЙ, Ы. Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінің 1960-шы жылғы түлегі
Ыбырай Алтынсариннің өмір жолы, қызметі – ғалымдар еншісінде, ол туралы аз жазылған жоқ, әлі де жазылар. Мен өзім 1960-шы жылғы осы орта мектепті бітірушілердің бірімін. Тағдыр жазып екі-үш жыл осы мектепте ұстаздық та еттім.
…Қазақ балаларының оқу-білімге бірден ден қоюына қарағанда Торғайдағы осы бірден-бір оқу орны жетістіктер мен табыстарға үнемі жете беретініне әбден сенуге болады, – деп, Орынбор бекінісіндегі (1868-ші жылдан Торғай қаласы) 1864 жылы 8 қаңтарда Торғайдағы қазақ мектебі ашылысымен Орынбор-Самара генерал губернаторлығына Торғай оязы Я.П.Яковлевтің жазған сенімхаты сөзінің маңызының өмірлік сақталып қалғанына бүгінгі ұрпақ куә болып отыр. 150 жылдан бері тарих көшінде жүгін аудармай, туған жер түлектеріне тал бесіктей болып келе жатқан бұндай киелі мекен еш елде, еш жерде жоқ-ақ шығар?! Осынысымен ол Ата мектеп атағына әбден лайық. Шындығында; жас Ыбырай 1861 жылы өз үйінде Әбдібек, Қорғанбек Бірімжановтар мен Шындәулет Қонақов атты 3 баланы оқытып, алғаш оқу ісін бастаған. Тарих күнтізбесіндегі мектептің ресми түрдегі салтанатты ашылуы 8 қаңтар 1864 жыл. Осы жылдан 1936 жылға дейін қолөнер, орыс тілі, ана тілі, математика, тарих, жаратылыстану пәндерімен білім беретін бастауыш мектеп, комм-гимназия болып келді. 1869 жылы Ы. Алтынсариннің ұсынысымен орыс қазақ училищесі болып қайта құрылды да 1922 жылы 7 жылдық мектепке айналды. Осы оқу орны 1945-ші жылы ресми түрде орта мектеп дәрежесін алып, 1945-1946 жылғы жаңа оқу жылын бастады. 8-ші класқа Торғайдың әр шалғайынан 20 бала жиналды. Алайда, соғыстан титықтаған елдің жағдайынан бұл балалардың 11-і ғана орта білім дәрежесіне ие бола алды.

Ы.Алтынсарин мектебінің 1947-1948-ші жылғы 1-ші түлектері. Ортада А.Ысқақов
1948 жылғы осы алғашқы түлектердің барлығы да бас аяғы 4 жылдан кейін-ақ өздерінің Торғайына мұғалім болып оралып еңбек бастады. Міне, сол сәттен бастап-ақ олардың мойнына, ел жүгі артылды. Олардың ол жүкті қалай, қандай дәрежеде атқарғанына қазір ел, Отан куә. Бастысы, осы түлектердің барлығы жоғарғы білімді мұғалімдіктен бастап құрметті еңбек демалысына шыққанша өздері еңбек еткен барлық салада да ұстаз болып өмірден озды. Ел есінде мәңгі қалды. Құрметпен қалды.

1945-1955 жылдарғы Ы.Алтынсарин мектебі ұстаздарының бір тобы

Соғыс өрті шала сөніп, халқымыздың жан жарасы жазылмай жатып, елдің енді-енді есін жинай бастаған шағында ашылған орта мектепті аяғынан тұрғызып, жаңа қарқынмен басқарып осы күнгі кемелденген шағына жеткізуге негіз қалау 1945-1955-ші жылдары Махат Нұржанов, Хамидолла Хұсайынов, Хакім Анапин ағаларымыздың пешенесіне бұйырды.
Торғай жастарын ұлт мамандары дәрежесіне көтеруде бойындағы барлық білімі мен жігерін аямай, мектеп оқытушылары мен оқушыларынан Отан сүйгіштікті, адал арлылықты талап етіп, баулыған мектептің 1945-1948-ші жылдардағы алғашқы директоры – Махат Нұржанов еді. Амал не, 1954-ші жылы денсаулығы сыр беріп, қос жанарынан айрылды. Өзі ұйымдастыр-ған орта мектеп ұжымы оны өмірінің соңына дейін құрметтеп, мектеп бітірушілердің алғашқы сынағы – қазақ әдебиеті шығармасынан құрметті сынақ алушы (экзаменатор) етіп қатыстырып отырды.

Торғайдағы білім таратушы ұлағатты ұстаздар әулетінің басы, тұңғыш Ленин орденінің иегері – Қаражан Топаевтың мұрагері. Кең жүректі, сыпайы, жүріс-тұрысына дейін тұнған үлгі, ішкі-сыртқы мәдениеті жоғары ұстаз. Бұл тұстағы шәкірттердің алды ғұлама ғалым, ғылым докторлары, министрлер, көрнекті жазушы-ақындар, атақты ұстаздар болып шықты. 1950-ші жылдардағы мектеп түлектері түгелге жуық ел, ұжым басқарудың тамаша табанды шеберлері, яғни, бұлар да өз салаларының ұстаздары болды.
1945-55 ші жылдар арасында осы мектепте оқыған 150-ге тарта орта мектеп бітірушілерден жоғарғы білімді 82 мұғалім, 4 дәрігер, 12 әр саладағы ауыл шаруашылығы (зоотехник, мал дәрігері, су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы техникасы инженерлері, т.б) мамандары шықты. 14 ғалым (Ғылым докторлары, кандидаттар) ақын, Жазушылар, КСРО-ның, ҚССР-ның әр саласындағы мемлекет қайраткерлері, Социалистік Еңбек Ері, Ленин, Еңбек Қызыл Ту және т.б. орден-медальдердың иегерлері шықты. Олар: Назарбек Сәндібеков, Балдай Тұрмағамбетова, Ғафу Қайырбеков, Шәміл Мұхамеджанов,Нариман Қыпшақбаев, Нарбай Молдабаев, Ғайыпназар Қойшин, Бұзаубай Қалиев, Таңат- қан Досмағанбетов, Шайхислам Әбдірахманов, Бәтима Қартабаева, Болат Жармағанбетов, Серікбай Айсағалиев, Ғалымжан Тәуешкин, Кенжехан Ахметбеков, Әнуар Байжұманов, Тасболат Ибраев, т.б. Мен осы шағын мақаламда мектеп мақтаныштарының баршасын кезең-кезеңімен түгендеп шығуды мақсат тұтпай өзгенің еншісіне де қалдырдым. Өйткені, бірі ерте, бірі кеш бұл онжылдықта мектеп бітірушілердің аудан, облыстардан тыс қызмет істеп, байланыстарын үзіп алғандары да болды. 1955-ші жылдардан бастап жоғарғы білімді мұғалімдердің көпшілігі партия, Кеңес және т.б. басқару органдарына жоғарылатыла бастады, бұлардың саны 60-шы жылдардан кейін тіпті артты.
"Өмір – шектеулі, білім – шектеусіз", – деген мұратпен өмір сүріп, қазақ еліне ұлан асыр еңбек сіңірген,150 жылдық даңқты тарихы бар, қазақтың маңдайына біткен бас ағартушысы Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінің Ата мектеп аталынуы заңды мәртебе. Алайда, мектеп мәртебесін айқындау уақыты әлдеқашан өтіп кетсе де бұл мектепті мемлекеттік деңгейде марапаттап, атына сай ұлықтау қолдау таппай келеді.
Ибраһим Ағытай, Ы. Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінің 1960-шы жылғы түлегі
Ы.Алтынсарин мектебінің 1947-1948-ші жылғы 1-ші түлектері. Ортада А.Ысқақов
1945-1955 жылдарғы Ы.Алтынсарин мектебі ұстаздарының бір тобы