БАТЫРЛАН САҒЫНТАЕВ – МҮШАЙРА ЖЕҢІМПАЗЫ
Халық батыры Кейкі Көкембайұлын дәріптеп, ерлік ісін келешек ұрпаққа насихаттау мақсатында Амангелді ауданы әкімдігі мен «Амангелді» қоғамдық қоры «Кейкі батыр» атты республикалық ақындар мүшайрасын ұйымдастырған-ды. Республикалық деңгейде өткізілген. байқауға келіп түскен өлеңдерді Ақылбек Шаяхмет, Серікбай Оспанов, Нұрқанат Құлабаев, Салтанат Өтелбаева сынды ақындар саралады.Жеңімпаздарды Аманкелді ауданының әкімі Нұржан Өтегенов марапаттады. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды (300 000 теңге) Батырлан Сағынтаев иеленді. Ал ІІ орында – Абылай Мауданов. Оған 200 000 теңгенің сертификатын тапсырды. ІІІ орын алған Көкбөрі Мүбарак 100 000 теңгеге ие болды. А.Нұрманов атындағы сыйлық Жұма-Назар Сомжүрекке, ал Б.Әлмағамбет атындағы жүлде Хамитбек Мұсабаевқа бұйырды. Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар беріліп, жинақ шығарылды.
Мүшайраға түскен өлеңдерді ақын Ақылбек Шаяхмет талдап, редакцияға хат жолдады. Ендеше…
Шұбалаңқы, оқуға ауыр өлеңдер жетерлік
ізгі ниетпен, Ақылбек Шаяхмет
Байқау авторларының бүркеншік есімдері көрсетілмепті, жырлардың да жігі ажыратылмаған, сондықтан қайсысы жеке өлең, қайсысы поэма екенін айыру қиын болды.
«Кейкі батырдың тойына» (той дегені түсініксіз) және «Кейкі батыр» деген өлеңдерде ұйқас, ырғақ сақталмаған, буын мен бунақ санына да авторлар мән бермеген. «Тәтті нәрде» де осындай кемшіліктер бар. «Құламерген – ұраным» өлеңдер топтамасы (цикл) да осындай кем-кетіктен құр алақан емес.
«Кейкінің арманы» деген өлең нашар, поэзияның қарапайым талаптарына жауап бермейді. «Кейкі батырға арнау» (65 бет) және «Азаттық үшін алысқан» (68 бет) деген жырлар да сондай.
Ал «Боз дала бағзы күннен сыр сақтаған» деп басталатын жырлар (16 бет) әсерлі көрінді.
Ерлік іс болмақ емес ескірердей,
Бұлқынса бөрі-намыс бес түлердей…
…Шошынып шырт ұйқыдан тұрам кейде,
Басымды басынған жау кескілердей.
Түнектен түнді жарып сол мезетте,
Ұраны бабалардың естілердей.
Қорқамын тек сол кезде қарт Алаштан,
Қалар деп батырына ешкім ермей… деп, сәтті аяқталған жыр жақсы жүлдеге лайық болды.
«Кейкінің басы» деген өлең және «Кейкі баба немесе ерекше жаратылыс» (шалқыма) толғауына да жүлде беруге болады деп есептедім. «Бұлттан асқан байрақ» толғауы өте жақсы, айтар ойы бар. «Кейкінің басы» әдемі жазылған. «Бақыт» (40 бет) және «Шарайна» (42 бет) жырлары да талапқа сай.
«Білем, ата!» және «Қазағымның кең жүректі – Кейкісі» деген өлеңдердің бір қайнауы ішінде. «Кейкі батыр» поэмасы шұбалаңқы, оқуға ауыр. «Қазақтың батыры бар Кейкі деген» дастан да соған ұқсас. «Кейкі батырдың рухына» деген триптих жақсы жазылған. «Кейкінің арманы…», «Кейкі баба туралы баллада» – ортаңқол дүние. «Кешір, баба» және «Кейкінің киесімен қоштасуы» жаман емес.
Менің ойымша, «Боз дала бағзы күннен сыр сақтаған» жыры, «Бұлттан асқан байрағы» толғауы және «Кейкінің басы» атты өлең жүлделерге лайықты. Бұл – менің жеке пікірім.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ