Табыс мол, міндет көп
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылығы саласының 2020 жылғы жұмыс қорытындылары және алдағы жылдағы міндеттер бойынша кеңес өткізді. Аймақ басшысы бұл туралы "Инстаграм" желісіндегі жеке парақшасында жазды.Ол жазған мәлімет бойынша, бүгінде ауыл шаруашылығында 121 мың адам жұмыс істейді. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 26%-на тең. Жалпы, өғңрінде 7,6 мың ауыл шаруашылығы құрылымы бар.
"Осы жылдың 11 айында облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 559,2 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 120,3%-ға жетті. Машина-трактор паркін жаңартуға техника құнының 25%-ы мөлшерінде инвестициялық субсидиялау үлкен қолдау көрсетеді. Атап өткен жөн, ағымдағы жылы біздің облыс республика бойынша игерілген инвестициялық субсидиялар бойынша көшбасшы болып ерекшеленді. Осы бағдарлама шеңберінде 13 млрд теңге бөлінді, 2621 өтінім субсидияланды", – деп жазды облыс әкімі.
Мал шаруашылығы саласында биылғы 11 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің басы мен өнім өндірісі артқан.
"Облыста барлығы 1300 ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мал шаруашылығымен айналысады, олардың 43% ІҚМ өсірумен айналысады. Осы жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне шағын несие беруге 2014 млн теңге игерілді, 540 шағын несие берілді, 691 жаңа жұмыс орны құрылды, 308 стартап жоба іске асырылды",- деп мәлімет берді аймақ басшысы.
А.Мұхамбетов жиын соңында тиісті орындарға Агроөнеркәсіп кешені саласын одан әрі дамыту бағытында белсенді жұмыс істеуді, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруды тапсырды.