БАС ШАППАЙМЫЗ, БІРАҚ…
Қазақстан Республикасы жемқорлықпен күресу бойынша әлемдік көрсеткішін жаңартып, Қытай мен Израильдің алдына шықты. Швейцариялық IMD бизнес зерттеу орталығы келтірген мәліметтерге сүйенер болсақ, еліміз жең ұшынан жалғасқан қылмыстың алдын алу бойынша түзілген тізімнің 34-ші сатысына көтеріліп, жылдық көрсеткішін төрт сатыға жаңартқан.
Осылайша, Қазақстанның ТМД елдері арасында ең жоғарғы көрсеткішке ие болғанын айта кеткен жөн. Бұрынғы КСРО елдері арасынан Литваны (29-шы орын) алға салған еліміз жалпы есепте Испания, Польша, Италия және Түркия елдерін де артта қалдырыпты. Рейтингте Ресей мен Украина 45-ші және 54-ші орындарды иеленген.
Қазақстан "экономиканың жай-күйін" (+4) жақсарту, "Үкіметтің тиімділігін" (+4) және "бизнестің тиімділігін" (+5) арттыру бойынша да жақсы нәтиже көрсеткен. Парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған оңды істердің нәтижесінде, еліміз бұл деңгейде де көрсеткішін 10 тармаққа көтеріп тастаған. Парақорлық және жемқорлықтың алдын алу көрсеткіші бойынша республикамыз швейцариялық тізімнің 29-шы орынында.
Зерттеу нәтижесін жариялаған ұйым қазақ елінің ТМД елдері арасында ең үздік нәтижеге жеткенін атап өткен. Мемлекетіміз даму деңгейі жоғары Оңтүстік Корея (30-шы орын), Израиль (32-ші орын), Қытай (35-ші орын), Испания (40-ші орын), Чехия (41-ші орын) сияқты елдерді артта қалдырған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің хабарлауынша, IMD ұйымының жалпы рейтингі түзіле бастаған 2008 жылдан бері еліміздің жемқорлықпен күресу бағытындағы жеткен жетістіктері ұдайы ескеріліп келген. Ал, биылғы нәтиже ерекше аталып өтілген көрінеді.
Мемлекетаралық есеп айырысу, инвестициялық салым жасау кезінде швейцариялық IMD іспетті халықаралық ұйымдардың деректері ескерілетіні белгілі. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік Сауда ұйымы, Дүниежүзілік банк, Халықаралық Валюта қоры іспетті әлемдік деңгейдегі 57 қаржы институты осы көрсеткіштерді назарға алып, мемлекетке құйылған қаржының қайтарымын бағамдау мүмкіндігіне ие. IMD рейтингіндегі қазіргі көрсеткіш әлемдік ұйымдардың Қазақ еліне деген сенімін арттырары анық.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ