Мейрамға сән де, мән де керек
Шырша саудасы қызған шақ. Әсіресе, Жаңа жыл мерекесі таяй түскен сайын талапайға түсетін әдеті. Қылқанжапырақтың табиғиы да, жасандысы да осы кезде сұранысқа ие. Қостанайлық сатушылардың да қолы жүріп тұр.
Биылғы ауыр ахуал, карантин шаралары қыс қызығын да шектеді. Балдырғандар асыға күтетін «Шырша мерекесіне» жаппай тыйым салынып отыр. Себеп белгілі – көпшілік қатысатын іс-шаралар өткізуге болмайды. Дегенмен, отбасы аясында шырша безендіріп, жарқын мерекені атап өтуге әркім ерікті. Сондықтан биыл қылқанжапырақтылар қарапайым тұрғындар тарапынан ерекше сұранысқа ие сыңайлы. Оған облыс орталығындағы және Тобыл қаласындағы сауда нүктелерін аралау барысында көз жеткіздік.
«Шырша саудасы осы жылы жаман жүріп жатқан жоқ. Жылда тұрғындардың жасанды шыршаларға көбірек бүйрек бұрып бара жатқанын байқайтынбыз. Кәсібіміздің болашағына да алаңдаушы едік. Биыл жұрт «жаңажылдық сұлулардың» жасандысынан гөрі табиғи ағаштан мереке «иісін» сезгісі келгендей», – дейді Тобыл қаласындағы «Хозтоварыч» дүкенінің есімін айтқысы келмеген иесі.
Ең бастысы, бұл кәсіпкер біздің көзімізше сауапты іс жасады. Білгендей дер шағында барған екенбіз – ол Қостанайдағы жетім балалар үйіне қалауларындағы бір шыршаны тегін берді. Кемінде 10 мыңнан арзан тұрмайтын қарағайды мекеме өкілдері арнайы көліктерімен алып кетті. Суретке түсуді қаламағаны болмаса, келімді-кетімді адамдар аз емес.
Шыршалардың бағасы жылдағыдан аса қымбаттай қоймаған: 2000 теңгеден басталып, көлеміне қарай 6-7 мың теңгеге дейін өсе береді. Орнықтырғыш табаны қосымша 1 мың теңгеден сатылады. «Апельсин» супермаркеті, Орталық базар, Складской сауда орындарындағы бағалар да осы маңайлас.
Айтпақшы, алыпсатарлардың арасында «табиғи шыршаны үйіңізге кіргізсеңіз, коронавирустан қорғайды» деген алыпқашпа сөз жүрген көрінеді. Бұл саудасын жылдам жүргізгісі келген кәсіпкерлердің айласы болса керек. Әйткенмен, мұндай амалын іске асырып пайда тапқандар туралы дерек жоқ. Тауар бағасын негізсіз көтеру фактілері тіркелмеген. Жалпы, кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауы тәртіп сақшыларының қадағалауында. Рейд шаралары барысында ешқандай құқықбұзушылық анықталмапты. Шекара сыртынан шырша әкелушілердің бәрінің дерлік тиісті құжаттары бар.
Айта кету керек, қазір полицейлер «Пиротехника-2020» жедел алдын алу шараларына кірісті. Мұндағы мақсат та тұтынушылардың қауіпсіздігін қамсыздандырып, заңсыз сауданың, сапасыз өнімдердің жолын кесу. Сондай-ақ, олар түнгі сағат 23.00-ден кейін от-шашу атқан тұрғындар жауапкершілікке тартылатынын ескертіп отыр. Бұқаралық жиындарға жол берген азаматтардың жазасыз қалмайтыны айтпаса да түсінікті.
Осылайша, отбасымен оқшаулану биылғы мерекені қарсы алудың жалғыз дұрыс амалы болғалы тұр. Есігімізден енетін жылға ауру-сырқаусыз құшақ жайғымыз келсе, шектеу шараларына бағынып, қоғам қауіпсіздігін қаперімізден шығармаған абзал.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков