Президент: Міндет – Достастықты күшейту
ТМД елдері бір-бірінен экономикалық әлеует тұрғысынан бөлек, олардың тарихи, тіпті, геосаяси көзқарасы да әртүрлі. Бұл жаында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледім. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында бірлесе күш жұмылдыру маңызды. Аймақтық бірігу мен даму бойынша ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндет жөнінде айтып, бастама көтердім. ТМД елдері бір-бірінен экономикалық әлеует тұрғысынан бөлек, олардың тарихи, тіпті, геосаяси көзқарасы да әртүрлі. Ең бастысы, біздің халықтарымыз бейбіт әрі тату көршілік жағдайда өмір сүргісі келеді», – деді ҚР Президенті.
Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер басшыларының міндеті – халықтардың арасын алшақтатпай, елдеріміздің татулығы мен ынтымақтастығын сақтаудың жолын іздеу екендігін баса айтады.
«ТМД-ны одан әрі дамытудың жаңартылған тұжырымдамасын қабылдадық. Құжат әр мемлекетке нақты пайда әкеледі. Біздің міндетіміз – Достастықтың жаңа геосаяси жағдайдағы әлеуетін күшейту. 2021 жылы біз ТМД-ның 30 жылдығын атап өтеміз», – деді ҚР Президенті.