Ең бастысы – халық сенімі

23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні
 
Мемлекеттік қызметшінің басты ұстанымы не? Халық сеніміне ие болу үшін не істеу керек? Бұл сұрақтар төңірегінде Қостанай облысы әкімінің аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Сүйіндіков жалықпай айтуға бар. Оны бүгінгі жас мамандардың жол көрсетуші тәлімгері десек те жарасар. 
Қайрат Жанділдәұлының өзі мемлекет қызметінде 1998 жылдан бері жүр. Ал жалпы еңбек өтілі – 36 жыл. Алғашқы жылдары өзі туған жері Әулиекөлде мұғалім болды. Мемлекеттік қызметтегі алғашқы қадамы ауыл әкімі лауызымынан басталған. 2001 жылы Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат, әлеуметтік сала бөлімін басқарды. Кейін ішкі саясат департаментінде, облыс әкімі аппаратында, әртүрлі бөлімдерде жұмыс істеп, мол тәжірибе жинады.
«2015 жылы ҚР Президенті Жарлығымен Әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілген еді. Осы жұмысқа 2017 жылы шілдеді конкурс арқылы өтіп, тағайындалдым. Әуелгіде жұмыс көп әрі қызық болды. Әріптестерімізбен біраз іздендік. Қала-аудандарға шығып, кездесулер өткіздік. Әдеп жөніндегі уәкілге қойылатын қатаң талаптар бар. Ол танымал әрі тәжірибелі жан болғаны абзал. Бір сөзбен айтқанда, барлық жағынан үлгілі адам болуың керек», – дейді ол қызметі жайында.
Мемлекеттік қызметтегі ең басты ұстаным – халықтың сеніміне ие болу. Азаматтық қоғам мүшесі дейсіз бе, кәсіпкер ме, зейнеткер ме, бәрі де әкімдік пен басқармалардың қабылдаған шешімдеріне, айтқан сөзіне сенуі керек. Сенім болмаса, ешқандай заң, не жарлық, не бағдарлама іске аспайды. Мемлекеттік аппараттың жұмысындағы басымдық – бизнес өкілдерімен, қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнату. Сонда ғана халықтың сеніміне кіре алады.
«Сенім негізі – қызметшінің сыртқы бейнесі, оның іскерлік, адами қасиеттері, атқарып жатқан ісі, жауапкершілігі, құзыреттілігі. Күйзеліске төзімділік те керек қасиет. Көпшілік жиындарда әртүрлі адамдар кездесіп жатады. Олардың ішінде біреулер қатаң талап, тіпті жеке басыңа қатысты сөздер де айтуы мүмкін. Халықпен пікірлескенде стреске төзімділік басты назарда ұсталуы шарт. Баршамен сыпайы, құрметпен сөйлесе білу керек. Әдепті, адал болу қажет. Коррупциядан аулақ, кәсібилігі жоғары, көпшілікпен байланысы жақсы болғаны маңызды. Нақты ақпарат айтып, орынсыз уәде бермеу керек. Өзінің құзыретіне сай ғана жұмысты айтқан ләзім», – дегенді айтады әкімдік қызметкері.
Ол мемлекеттік қызметшілерге арналған семинарларда, жиындарда үнемі бүгінгі өзгерістерге бейімделу турасында да көп айтып жүреді.
«Былтыр мемлекеттік басқарудың «Ең алдымен адамдар» деген жаңа моделі қабылданған. Біз қазір сервистік үкіметтің негізін қалап жатырмыз. Мемлекеттік қызмет алушыға клиент ретінде қарауды үйрену керек. Халыққа біздің толып жатқан қағаз емес, олар көтерген мәселенің шешілгені маңызды. Президенттің айтуынша, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтумен ештеңе шешілмейді, өзгерісті әркім өзінің орнында, өзінен бастағаны жөн. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру – басты мақсатымыз», – дейді Қайрат Жанділдәұлы.
Қазір облыстағы жергілікті атқарушы органдарда 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Оларды оқыту, бейімдеу арқылы сана-сезімін өзгерту бірте-бірте жүзеге асатын жұмыс.
«Жақында белгілі азамат Қалқаман Жақып ағамыз «Мемлекеттік қызметші халыққа үсдемдікпен қарамау керек» деген еді. Бұрынғыдай басқару тәсілінен сервистік қағидатқа көшу туралы айтып отыр. Бюрократияны түбімен жою қиян, бірақ реинжиринг жасау керек. Ол күрт өзгертіп, жаңа тәсілдерді қолдану деген сөз. Халыққа қызмет көрсетуде кейбір процестер кедергі жасап, ыңғайсыздық тудыратын болса, оларды не қысқарту, не өзгерту керек. Қазір бүкіл мемлекеттік органдардағы бизнес процестерге талдау жасалып жатыр. Жылдың аяғына дейін бір өзгеріс болып қалар», – деген ол жұмысындағы екінші бір міндеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру жайында да бірқатар жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етті.
«Осы жылдан бері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы қолға алынды. Шыны керек, жұртшылық бізге, лауазымды тұлғаларға әлі сеніңкіремейді. Өйткені, коррупциямен күрескелі қаншама уақыт өтті, әлі тоқтамай тұр. Қазір заңнамада бірқатар өзгеріс бар. Бірінші басшылардың қол астындағы қызметкерлер парақорлықпен ұсталса және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қолданбағаны үшін де олар жазаланатын болды. Мұның өзі осы мәселемен күресті нәтижелі ету үшін жасалған оңтайлы қадам дер едім», – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруды түсіндіруді бірінші отбасыдан, білім саласынан және этномәдени бірлестіктерден бастау керек.
Жастар одан ақыл-кеңес сұрап тұрады. Білгенін бөлісуден қашпайды.
«Президент мемлекет қызметшілерінің жұмысы максималды ашық болуын тапсырды. Халық алдындағы ерекше жауапкершілік бірінші орында тұруы тиіс. Қызметке барып байып, жеке мәселелерімді шешемін деген ойдан аулақ болғанда ғана жақсы мемлекеттік қызметші атанасың», – дейді ол жастарға.
Суреттердіі түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓