Демографияға дем беріңіз

немесе сәби өлімінің статистикасы жақсара ма?
Шырылдап дүние есігін ашқан шақалақ жасқа жетпей жарық әлеммен қоштасатын болса, бұдан артық қасірет бар ма? Соңғы жылдары ТМД елдерінің ішінде сәби өлімінің тіркелуі бойынша Қазақстан алдыңғы қатардан түспей келеді. Сәбидің дүниеге келу деректері өскенімен, олардың шетінеп кету көріністері көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Статистикаға шақсақ, бала туу көрсеткіші екі пайызға артса, тиісінше сәби өлімі бір пайызға көбейген. Бұл дерек елдің демографиялық ахуалын көрсетсе керек.
Сонымен, 1 жасқа толмаған сәби өліміне кім кінәлі? Қоғамның қорғасындай ауыр сауалына біржақты жауап қайтару қиын. Ашық Үкіметтегі дерек-дәйектерді жіктеп, жағдайдың себеп-салдарын анықтап көрдік.
top_fc0d0f2f040497b436d0ba40ba542712
 
Ана мен бала өлімі:
мәселе Мемлекет басшысының назарында
 
2020 жылдың мамыр айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ана мен баланы қорғау мәселесіне қатысты заңға қол қойды.
«Ана мен баланы қорғау, онкологиялық, кардиологиялық, пульмонологиялық және медициналық көмектің басқа да түрлерін көрсету – ел алдындағы міндетіміз. Әкімдерді, жалпы Үкіметті бұл міндеттен ешкім босатқан жоқ. Президент Әкімшілігіне осы мәселені бақылауға алуды тапсырамын», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев «Твиттердегі» парақшасында.
Расымен, ана мен сәби денсаулығы еліміздің демографиялық, экономикалық, еңбек, әлеуметтік әлеуетінің негізін қалыптастырады. Сондықтан сәби денсаулығын қорғау – елдің денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі.
2019 жылы елімізде нәресте өлімін азайту бойынша 2019-2021 жылдарға арналған мемлекеттік жоспарды бекітті. Жоспарда денсаулық сақтау саласындағы негізгі бағыттар көрсетілген:
  • балаларға көмек көрсететін медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын және жарақтандырылуын жақсарту;
  • кадрлық әлеуетті нығайту;
  • тұқым қуалайтын аурулардың пренаталдық сараптамасын жетілдіру;
  • сәбилерге тұрақты медициналық көмек ұйымдастыру;
  • денсаулық мәселелері бойынша халықтың хабардарлығын арттыру.
Міне, облыстардағы денсалық сақтау басқармалары аталған бағыттарды негізге алып жұмыс істейді. Бірақ, тиісті шаралар Ақмола, Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткізілмеген. Әсіресе, осы өңірлерде пренатальды инвазивті диагностика және сапалы цитогенетикалық сараптау жүргізілмеген. Жергілікті бюджет қаражатынан Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облыстарында сараптамалық класты УДЗ аппараты сатып алынбады. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Айыпханованың мәліметінше, 2019 жылдың 7 айында Жамбыл облысы (80,5%) мен  Батыс Қазақстан облысында (81,6%) жоспар ең төмен пайызға орындалған.
Қазір еліміздің барлық өңірінде тиімді перинаталды көмекті енгізу бойынша оқыту орталықтары жұмыс істеп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен өңірлер перинаталды көмек көрсетудің бірегей тәсілдерін қолданып, 300-ден астам емханалық хаттамаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендірді. Медициналық қызметкерлер оқытылып, ЖОО-да оқу және жұмыс бағдарламалары өзгертілді. Алайда, оқыту орталықтарының жұмысы да, тиісті білім алған мамандар да жағымсыз статистиканы азайтуға сеп болмай тұр. Мемлекет басшысының заң қабылдауына өңірлердегі жағдайдың жақсармауы себеп.     
  
Өңірлердегі жұмыс өнімде ме?
 
Ашық үкіметтің деректеріне сүйенсек, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті 2020 жылы (дерек 29 сәуірде жаңартылды) елімізде 1 жасқа толмаған 3360 сәбидің өлімін тіркеді.
Өңірлерге тоқталсақ, Түркістан облысында 471 сәби, Алматы облысында 384 сәби жасқа жетпей көз жұмған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл деректің өңірлердің халық санына шаққанда есептелетінін еске салады.
Безымянный


Осы тұрғыда Қостанай облысындағы сәби өлімінің себептеріне ерекше назар аударуға болады. Астықты аймақта 2020 жылы 110 бала өмірден өтті.
Айта кетерлігі Қостанай облысында нәресте өлім-жітімінің негізгі себебі – перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар. Ашық үкіметтің дерегінше өңірде туа біткен ауытқулардан – 19, тыныс органдары ауруларынан – 9, жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан – 9, ал перинаталдық кезеңде 65 нәресте қайтыс болды. Яғни, Қостанайлық дәрігерлердің алаңдайтын мәселесі бар.  Перинаталдық кезеңде көз жұмған сәбилердің саны неге көп? Бұл сұрақты облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолдадық.
сы
Басқарманың баспасөз қызметінен алынған мәліметке сүйенсек, өңірдегі сәби өлімінің себептеріне туа біткен ақаулар, шала туылу және жазатайым оқиғалар кіреді. Қазір өлім-жітім жағдайларының алдын алу үшін кешенді жұмыстар жүргізілуде.
«Ең әуелі мамандарымыздың республикалық жетекші клиникаларда біліктілігін арттыруға жағдай жасалады. Емдеуді уақтылы жасау үшін стационарлардағы «ауыр» балаларға күнделікті мониторинг белгіленген. Сәби өлімінің әр жағдайына талдау жүргізіледі және перинаталдық күтім жетілдіріледі. Босандыру және бала қызметі үшін 798 млн теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде МРТ, рентген, феталдық монитор, ЭКГ, перфузорлар, инфузоматтар, акушерлік кереуеттер бар. Республикалық бюджет есебінен облыстық балалар ауруханасының ғимараттарына 1,3 млрд. теңге сомасына күрделі жөндеу жүргізілуде. 600-ден астам балаға қызмет көрсететін 50 оңалту орталығы ашылды. Бұл мақсатқа 173,6 млн теңге бағытталды», делінген ведомствоның бізге жолдаған жауап хатында.
Қостанай облысы 2021 жылы жаңа туған нәрестелердегі ауытқуларды ерте анықтау үшін катамнестикалық кабинеттер ашпақ. Осы тұста бір сұрақ туындайды: шала туған балаларды емдейтін катамнестикалық кабинетте жұмыс істейтін мамандар қайдан табылады? Жергілікті атқарушы билік бұл мәселені де оңтайлы шешеді-міс. Өңірге басқа жақтан мамандар тарту бойынша белсенді жұмыс қолға алынады. Тиісінше, ауылға келген дәрігерлердің әрқайсысына жергілікті бюджеттен 1,5 млн теңге, қалалық жердегілерге 1 млн теңгеден көтерме ақы төленді.
Алайда бұл әлеуметтік шаралардың бәрі алдағы жылдардың еншісінде. Турасын айтайық, қағаз жүзінде бәрі дұрыс болғанымен нақты іске келгенде көрсеткіш көңіл көншітпейді.
 
«Үш тәуліктен соң баладан айырылып қалдық»
 
Перинаталдық кезең – сәбидің ана құрсағындағы 28 аптасынан басталатын және туғаннан кейінгі 7 тәулік аралығындағы өмір сүру уақыты. Баласынан осы кезеңде айырылып қалған аналардың бірі – Арқалық қаласының тұрғыны Айсара Сәндібекқызы (аты-жөні өзгертілді – авт.) Айсара сәбиін 2020 жылдың 4 шілдесі күні өмірге әкелген. Жас отбасының қуанышы көпке созылған жоқ.
«3 тәуліктен соң баламыздан айырылып қаламыз деп ойламадық. 7 шілде күні қайтыс болу актілерін тіркеу парағын қолыма ұстатты. Қорғансыз адамның күнін кешіп қаласың. Еңсе тіктеп, ес жиған соң ойланасың ғой. Неге бұлай болды? Неге баламды аман сақтап қалмады? Көкейде көптеген сұрақтар қалды. Еліміздегі пандемиямен байланыстырсақ, енді бірде уақытынан бұрын туылуынан деп ойладық. Дәрігерлерді де кінәлай алмайсың, өзіме де кінә таққым келмейді. Медицинаның дамыған заманында адам өмірін сақтап қалатын шаралардың болмайтыны қынжылтады. Бәлкім, кінә өзімнен болар. Артық сөз айтқым келмейді. Қолдан келетіні – болжау ғана. Келешекке үмітпен қараймыз», – дейді жас ана.
IMG-20201207-WA0070
Айсара Сәндібекқызының басындағы жағдай қостанайлық тағы 64 ананың басынан өтті. 1 жасқа дейінгі нәрестелер өлімінің көбеюіне жүктілік кезеңдерінде пайда болатын аурулар себеп болып отыр дейді мамандар. Облысқа белгілі гинеколог-дәрігер Дариға Медетованың айтуынша, мұндай жағдайларды бірнеше бағытқа жіктеуге болады.
«Алдымен осы перинаталдық кезеңнің не екенін түсіну керек. Бұл – жүктілік кезінде пайда болатын ақаулар. Бала анасының құрсағында жатқанда пайда болған ауытқулардың кесірінен кейін осындай жағдайға ұшырайды. Мәселен, жатырға инфекция түссе, тікелей баланың денсаулығына әсер етеді. Нәрестенің уақытынан бұрын туылуы немесе шетінеп кетуі осыған байланысты. Ұрық дамуының туабітті кемістіктерін уақытылы анықтау үшін перзентханаларда генетикалық және ультрадыбыстық скрининг жасалады. Жүктілік басталғанға дейін де, жүктілік кезінде де міндетті түрде дәрігер кеңесіне жүгіну қажет. Ауылдық жерлерде уақыт тапшылығын алға тартып, дәрігерге көрінуді екінші планға сырғыта салады. Жүктілікке бейқам қарау қайғылы жағдайларға ұшыратуы мүмкін екенін есте сақтаған дұрыс», – дейді дәрігер.
Дариға Медетова жүктілікті жоспарлаған әр анаға алдымен толық тексерістен өтуі керектігін айтады. Жоспарға сәйкес, жыныс жолдарын тексертіп, инфекциялық немесе туабітті ауруларды зерттеп, емделуді бастаған дұрыс.
«Қазір дәрігерлерге кінә арта салу оңай. Ана денсаулығының жағдайы тек ақ халаттыларға байланысты емес. Жыныс жолдарының аурулары көп болады. Оның жеңіл және ауыр түрлерін дәрігер анықтайды. Уақытылы тексерілу – болашақ ананың міндеті. Бұл тандем іске асса ғана дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Сол себепті дәрігер кеңесіне үнемі құлақ асу қажет», – деп есептейді гинеколог.
Халық санын көбейтудiң маңызды жолы – табиғи өсiм. Бұл өсім жоғары болу үшін аналарға жасалатын көмек, медициналық жәрдем және әлеуметтiк жәрдемақылар көлемі де артуы тиіс. Жаңа технология жетістіктерінің арқасында құрсақтағы нәрестеде пайда болған патологияны анықтап, оны емдеуге, тіпті операция жасауға мүмкіндік туды. Алайда кей аймақтарда сапалы мамандардың жетіспеуінен ота жасайтын құрылғыларға сұраныс төмендеген. Қазақстандағы нәресте өлімін азайту бойынша 2019-2021 жылдарға арналған мемлекеттік жоспарда медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жақсарту негізгі міндет саналады. Сол себепті әр облыстың басшылығы ана мен бала өлімін азайту үшін жасалып жатқан шаралардың сапасын арттырса, демографияның өсіміне айтарлықтай әсер етері анық. Бюджет тарапынан болмаса да, жеке инвесторлардың қаржысына медицина ұйымдарының базасын жаңғыртуға мүмкіндік бар. Мәселен,  Eurasian Resources Group Қостанай облысындағы әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтты. Еуразиялық топ 15 жыл бойы өздерінің кәсіпорындары орналасқан Ақтөбе, Қостанай мен Павлодар облысының әкімдіктерімен аймақтағы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумдар жасасып келе жатыр. Әлеуметтік жобалардың арасында медицина әлеуетіне, оның ішінде перинаталогия саласына екпін түсірілсе, көп нәрседе ұтар едік. Сол кезде қоғамның қорғасындай ауыр сауалына айналған сәби өліміне біраз жауап табылары сөзсіз.
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓