Жыр додасының жүлдегері (БЕЙНЕ)
Қостанайлық жас ақын Дәулет Жадырасын «Азаттығым – асқақ рухым!» атты республикалық мүшәйраның лауреаты атанды.
ҚР Тәуелсіздік күніне орай, бейнебайланыс арқылы өткен жыр додасында Алматы, Қостанай, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда, Павлодар және Көкшетау қалаларының жас ақындары бақ сынады. Іс-шараны ұйымдастырған – Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.
Азаттықты жырлаған жастардың өнерін белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлы, оқытушы-ғалымдар Сәбит Жәмбек пен Гүлден Қажыбаева бағалады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Көкшетау қаласының жас ақыны Мұхаммед Қонқаев иеленді. І орын Павлодар қаласынан Бауыржан Рамазанға, ІІ орын жерлесіміз Дәулет Жадырасынға бұйырса, ІІІ орын жетісулық жас Бейбарыс-Сұлтан Өмірбайға берілді. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Дәулет байқауға «Тағзым» атты туындысын ұсынған. Ол Тәуелсіздік тақырыбына үлкен толғаныспен келгенін айтады.
– Бұл тақырыпта жазған екінші өлеңім «Серт» деп аталады. Азаттық, елдік туралы өлең жазу ақынға үлкен жауапкершілік жүктейді. Жырың құр мақтан сөзбен өрілмес үшін бірталай ізденіп, тебірену керек. «Тағзым» – сондай бір сезімнен туған өлеңім, – дейді жүлдегер жас ақын.
Оның бұған дейін де бірталай жарыстарда жұлдызы жарқыраған. Биыл Петропавл қаласында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған аймақаралық мүшәйрада «Сафуан Шаймерденов» атындағы сыйлықтың иегері атанды. Алматы қаласында өткен VII Республикалық Студенттер форумында поэзия аталымы бойынша екінші орын алды.
Қостанайда болған облыстық әдеби байқаудың поэзия аталымында бас жүлдені жеңіп алды. Қала күніне орай ұйымдастырылған мүшәйраның жеңімпазы. Сондай-ақ, Л.Н.Толстой атындағы облыстық кітапхана өткізген әдеби байқауда бас жүлде иеленген. Жас ақын қазір аталған кітапханада қызмет етіп жүр.